Степногорск қаласында жаңа мектеп пен спорт сарайы салынады: 22 млрд теңгеге меморандумға қол қойылды

Степногорск қаласында жаңа мектеп пен спорт сарайы салынады: 22 млрд теңгеге меморандумға қол қойылды

Степногорск қаласында 1000 орындық жалпы білім беретін мектеп пен көпфункционалды спорт кешені бой көтермек. Бұл әлеуметтік маңызы зор екі нысанды салу жөніндегі меморандум Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың бастамасымен қала әкімдігі мен «АК Алтыналмас» акционерлік қоғамы арасында жасалды.

Құжатқа қол қою рәсімінде өңір басшысы жобалардың өзектілігіне тоқталып, серіктестерге алғысын білдірді.

«Бұл өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту аса маңызды. Жаңа спорт сарайы тек дене шынықтырумен айналысатын орын ғана емес, аймақтық және республикалық деңгейдегі жарыстар өтетін алаңға айналады. Мемлекет басшысы атап өткендей, сапалы білім мен спортқа қолжетімділік – интеллектуалды әрі дені сау ұрпақты тәрбиелеудің негізі», – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде «АК Алтыналмас» АҚ басқарма төрағасы Баламир Маханов компанияның барлық жұмыстарды сапалы әрі уақытылы атқаруға дайын екенін жеткізді:

«Бұл – біздің өңірдегі ең ірі әрі ауқымды жобаларымыздың бірі. Бизнес өкілі ретінде әлеуметтік жауапкершілігімізді жақсы түсінеміз және халықтың игілігіне бағытталған бастамаларға әрқашан атсалысуға әзірміз. Бұл жобаларға біз өз тәжірибемізді, ресурстарымызды және үздік жобалық шешімдерімізді пайдаланатын боламыз», – деді Баламир Маханов.

Айта кетейік, екі нысанның жалпы құны – 22 миллиард теңге. Компания өкілдерінің айтуынша,спорт сарайының жобасы толық дайын, жер телімі де бөлінген – осыған байланысты құрылыс жұмыстары алдағы күндері басталып, келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда. Спорт кешенінде әмбебап зал, жүзу бассейні, жаттығу және арнайы спорт залдары, сондай-ақ жаттығулар мен жарыстар өткізуге арналған барлық қажетті инфрақұрылым қарастырылған.

Ал 2027 жылғы 1 қыркүйекте Степногорск қаласының оқушылары жаңа мектеп табалдырығын аттайды. Мектеп заманауи оқу кабинеттерімен, IT-орталықпен, спорт залымен, мультимедиялық аймақтармен  жабдықталады.