Ақмола кәсіпкерлері мемлекеттік қолдау шараларын белсенді пайдалануда

Ақмола кәсіпкерлері мемлекеттік қолдау шараларын белсенді пайдалануда

Ақмола облысында кәсіпкерлікті қолдау және бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Негізгі міндет — қаржыға қолжетімділікті арттырып, әкімшілік кедергілерді азайту және өндірісті ынталандыру.

2025 жылы шағын және орта бизнесті тұрақты қолдау мақсатында облыстық бюджеттен «Даму» қоры арқылы несие мөлшерлемесін субсидиялауға 2 млрд теңге бөлінді. Оның 300 млн теңгесі — қосымша қаражат ретінде қарастырылған. Бұл кәсіпкерлерге несие алуды жеңілдетіп, қаржыландыру бағдарламаларына тұрақты қатысуға мүмкіндік берді.

Аталған қолдау шараларының нәтижесінде бизнес өкілдері жалпы құны 2 трлн теңгеге жуық өнім өндіріп, 185 млрд теңге көлемінде салық төледі және 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашты.

Льготалық несиелендірудің орны ерекше. «Кең Дала – 2» бағдарламасы аясында өңірдің аграршыларына 100 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Қаржыландыру 2024 жылдың желтоқсанында басталып, фермерлерге көктемгі егіс науқанына уақтылы дайындалуға жағдай жасады.

«Жеңілдетілген несие — нәтиже үшін еңбек ететіндерге берілген мүмкіндік. Мемлекет қолдайды, ал бизнес осы мүмкіндікті ұтымды пайдалана білуі тиіс», — деді облыс әкімі Марат Ахметжанов кәсіпкерлермен кездесуде.