Ақмола облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шаралар өтті. Басты алаң — Мәңгілік алау мен Даңқ аллеясына соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, қоғам мен жас буын өкілдері жиналып, Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің рухына тағзым етті.
Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Өңір басшысы гүл шоғын қойып, қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ ол Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдиновтың бюсті мен Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Марат Ахметжанов ақмолалықтардың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігін атап өтті.
«Бүгін біз адамзат тарихындағы ең қанды соғысты тоқтатқан қаһармандарға құрмет көрсетеміз. Бұл соғысқа әлемнің 85 мемлекеті тартылып, миллиондаған адам қаза тапты. Біз — Жеңіс ұрпағымыз. Біз — бақытты ұрпақпыз», — деді облыс әкімі.
Айта кетейік, соғыс жылдары майданға Ақмола облысынан 90 мың адам аттанса, соның тек 37 мыңнан астамы ғана аман оралған. Ақмолалықтар Мәскеу түбіндегі шайқаста, Сталинград пен Курск доғасындағы қанды ұрыстарда ерлікпен шайқасты. Өңірдің ерекше мақтанышы — 106-шы Ақмола атты әскер дивизиясы. Бұл дивизияның жауынгерлері мен командирлерінің есімдерін қазіргі таңда тарихшылар анықтап жатыр. Олар 1942 жылдың көктемінде Харьков маңында ерлікпен қаза тапқан болатын.
Ақмоладан 66 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына және Даңқ орденінің толық иегері атанды. Олардың қатарында Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов пен Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев бар. Сонымен қатар Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, Қазақстан авиациясының генерал-майоры Талғат Бигелдинов; Кеңес Одағының Батыры, жазушы, ғалым, академик Мәлік Ғабдуллин; сондай-ақ Ақан Құрманов, Виктор Шишлянников, Сергей Юдин, Михаил Янко, Әлмұхан Сембинов, Полина Осипенко, Николай Ястребинский, Николай Сергиенко, Иван Скуридин сынды батырлар да бар.
Бүгінде Ақмола облысында Ұлы Отан соғысының үш ардагері — Нұрқасым Әжітаев, Иосиф Комин және Арсентий Щудляк өмір сүруде. Мерейлі күн қарсаңында облыс әкімі әрқайсысының үйіне барып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтауын жеткізіп, мерекелік медальдар мен 5 миллион теңге көлеміндегі сертификаттарды табыстады.
Жеңіс рухы «Ерліктің ерен үлгісі» атты театрландырылған қойылыммен және отандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өткен мерекелік концертпен жалғасты. Мәдениет сарайы алдындағы алаңда майдан әндері шырқалып, «Жеңіс вальсіне» 200-ден астам жұп қатысты.