Көкшетауда тарихи тұлғаларға арналған музейлердің республикалық фестивалі өтті

Көкшетауда тарихи тұлғаларға арналған музейлердің республикалық фестивалі өтті

Көкшетаудағы Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында еліміздің әр өңірінен келген музейлерді біріктірген ауқымды мәдени шара – «Мәңгілік тұлғалар» атты І республикалық Ұлы тұлғаларға арналған музейлер фестивалі өтті. Іс-шара Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 110 жыл толуына және оның есімін иеленген музейдің құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Сонымен қатар фестиваль 18 мамырда аталып өтетін Халықаралық музей күніне арналған мерекелік бағдарламаның бастауы болды.

Фестиваль Ақмола облысының мәдениет басқармасы, Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен және облыс әкімдігінің қолдауымен өтті. Мақсаты – еліміздегі көрнекті тұлғалардың есімімен аталатын музейлер арасындағы өзара байланысты нығайту, ұлт руханияты мен мәдени мұраны насихаттау, музей саласын заманауи бағытта дамыту және жастардың тарихқа деген қызығушылығын арттыру.

Театр алдындағы алаңда 11 музей өз өңірлерінің атынан арнайы павильондар құрып, көрме ұйымдастырды. Қонақтарды ұлттық киім киген бойжеткендер мен қазақтың дәстүрлі музыкасы қарсы алып, тарихи мұраға деген құрметті айшықтайтын ерекше атмосфера орнады. Әр музей өз экспозициясында ел тарихына еңбегі сіңген ақындар, жазушылар, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен батырлардың өмірі мен мұрасына қатысты сирек жәдігерлерді ұсынды. Жамбыл Жабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мұқағали Мақатаев, Ілияс Есенберлин, Ыбырай Алтынсарин, Әлия Молдағұлова сынды көрнекті тұлғаларға арналған бұрыштар келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Фестивальдің басты ұйымдастырушысы – Мәлік Ғабдуллин музейінің экспозициясы көрермендердің назарын айрықша аударды. 1995 жылы ашылған бұл музей бүгінде салалық үздік мекемелердің бірі саналады. 2022 жылы «Рухани қазына» республикалық байқауында «Үздік есімді музей» номинациясының жеңімпазы атанған. Директор Кенжебай Мұқышевтің жетекшілігімен дайындалған көрме экспозициясы батырдың ерлік жолын, әдеби және ғылыми мұрасын кеңінен қамтып, мазмұны мен формасы жағынан ерекше болды.

Фестиваль шымылдығы театрландырылған көрініс пен дәстүрлі музыкамен ашылды. Осы арқылы көрермендерге есімі ел жадында сақталған тарихи тұлғалардың рухани, мәдени және ағартушылық саладағы өлшеусіз еңбегі туралы терең ой салынды. Бұл көріністер өткенді жаңаша, көркем әрі әсерлі тілмен жеткізудің жарқын үлгісіне айналды.

Мәлік Ғабдуллиннің тұлғасы көрерменге тек майдангер ғана емес, қазақ ағартушылығының, рухани мұрасының және елге қызмет етудің символы ретінде тағы бір қырынан таныстырылды. Фестиваль – оның еңбегіне көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі және өскелең ұрпақты тарих пен ұлттық құндылықтарды қадірлеуге үндейтін тағылымды бастама болды.

«Мәңгілік тұлғалар» фестивалі музей ісі, өнер мен қоғамдық жадыны тоғыстыратын жаңа форматтарға сұраныстың жоғары екенін көрсетті. Ұйымдастырушылар бұл игі істің жалғасын тауып, республикалық дәстүрлі шараға айналатынына сенім білдірді.