Ақмолалықтар Қазақстан халқының бірлігі күнін кең көлемде атап өтті

Ақмолалықтар Қазақстан халқының бірлігі күнін кең көлемде атап өтті

Ақмола облысында достық пен келісімнің мерекесіне арналған жүздеген іс-шара, жарқын концерттер, фестивальдер, хореографиялық шоулар мен кездесулер өтіп, тұрғындар мен қонақтарды бір арнаға тоғыстырды. 1 мамыр күні Көкшетаудағы Абылай хан алаңы мерекенің басты орталығына айналып, этникалық әуендерге, қазақстандық туларға және бірлік атмосферасына толы болды.

Мыңдаған адам қатысқан бұл мереке – түрлі этностар мәдениетінің бір арнада тоғысқанын айқын көрсетті. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев құттықтау сөз сөйлеп, ел дамуы жолындағы бейбітшілік пен келісімнің маңызын атап өтті.

«Этносаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту – әрдайым мемлекеттік саясатымыздың басым бағыттарының бірі. Тарихи тұрғыда біздің өңір – еліміздің ең көпэтносты аймақтарының бірі саналады. Жылдар бойы тағдырларымыз тоғысып, біртұтас халыққа айналдық. Осы бірліктің арқасында көптеген қиындықтарды еңсеріп, жетістіктерге жеттік», – деді ол.

Мерекенің жарқын сәттерінің бірі – «Бірлік» спорттық жарыстары аясында өткен жеңіл атлетикалық жүгіру болды. Қатысушылар алаңды бойлай жүгіріп өтіп, көрермендердің қошеметіне бөленді. Шараға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, студенттер, оқушылар мен белсенділер қатысты. Олардың ұйымшыл қатысуы өзара құрмет пен келісімнің нақты көрінісін айшықтағандай.

Мереке аясында бірлікті нығайтуға үлес қосқан азаматтар да құрметке ие болды. Солардың бірі – Ақмола облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ардагері Мейрамбек Киіков өз алғысын білдірді.

«Бұл марапат – үлкен жауапкершілік. Құрмет көрсеткендеріңізге алғысымды білдіремін. Қазақ тілін насихаттау, бейбітшілік пен келісімді сақтау – әрбір азаматтың борышы», – деп толқуын жасырмады ол.

Мерекелік көңіл-күйді «Гәкку», «Көкшетау», «Сувенир», «Қазына» сынды шығармашылық ұжымдар мен халық ансамбльдері жандандыра түсті. Олардың өнері елімізде тұратын этностардың мәдени байлығы мен әралуандығын паш етті.

«Бұл мейрам тек ән мен би емес, бұл – адамдар арасындағы шынайы жылылық. Әрбір этнос өзін таныстыра алады, және бұл өзара құрметпен қабылданады. Міне, нағыз достық осындай», – деп бөлісті қонақтардың бірі.

Биылғы мерекенің ерекшелігі – оның Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен тұспа-тұс келуі. Жиналғандар бұл құрылымның елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтау ісіндегі рөлі зор екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді.

Мерекелік бағдарлама аясында облыс бойынша 500-ге жуық іс-шара өтті: кеңейтілген кітап көрмелері, әдеби сағаттар, ашық сабақтар, дөңгелек үстелдер, дәрістер мен бірлік пен достық тақырыбындағы эссе байқаулары ұйымдастырылды. Барлық іс-шаралар жастардың мәдени әртүрлілікке деген құрметін арттыруға және этносаралық байланыстарды нығайтуға бағытталды.

Сондай-ақ, 1 мамыр күні «Көкшетау» мәдениет сарайында «Ел бірлігі – асыл қасиет» атты салтанатты концерт өтті. Негізгі іс-шаралардың бірі – «Би – рух тынысы» атты ІІ Республикалық хореографиялық фестиваль болды. Оған Астана қаласы мен Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды, Маңғыстау, Абай, Ақтөбе және Ұлытау облыстарынан келген ансамбльдер қатысты.

Мерекенің жалғасы ретінде «Оркестрлер түні» музыкалық кеші өтті. Онда Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, симфониялық және эстрадалық-үрмелі оркестрлер өнер көрсетті. Концерт көрермендерге рухани бірліктің ерекше атмосферасын сыйлады.

Мерекенің соңында барлық әртістер сахнаға шығып, «Қазақстан – алтын ұям, бесігім» әнін орындады. Көк тудың астында түрлі этнос өкілдері елге деген сүйіспеншілігі мен ортақ болашаққа сенімін әнмен жеткізді.

Түсіністік пен мәдени әралуандыққа толы атмосферада ақмолалықтар бұл маңызды күнді атап қана өтпей, Қазақстан халқының күші – бірлікте екенін дәлелдеді. Мұнда әр азамат өзін ортақ үлкен үйдің бір бөлшегі ретінде сезінді.

Айта кетейік, бүгінде Ақмола облысында 100-ге жуық ұлт өкілдерін біріктіретін 48 этномәдени орталық жұмыс істейді. Олардың қызметі – ұлтаралық келісімді нығайтуға және ортақ азаматтық бірегейлікті дамытуға бағытталған.