Ақмола облысы әкімдігінде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Ақмола облысы әкімдігінде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыста кәсіподақ ұйымдары, жұмыс берушілер, сондай-ақ өңірдің аудандық және қалалық әкімдіктерінің өкілдері қатысты.

Отырыс барысында әлеуметтік төлемдер мен жалақы бойынша берешекті өтеу, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері, сондай-ақ білім басқармасы мен білім беру қызметкерлері кәсіподағы арасындағы келісімнің орындалу нәтижелері талқыланды.

Әлеуметтік төлемдер бойынша берешек мәселесі жөнінде Бұланды және Шортанды аудандарының ұйымдарында аудан әкімдерінің орынбасарлары баяндама жасады. Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне аудандар, Көкшетау, Степногорск және Қосшы қалалары әкімдіктерімен бірлесіп, әлеуметтік төлемдер бойынша берешектің пайда болуына жол бермеу мақсатында кәсіпорындармен және шаруашылық субъектілерімен жұмысты күшейту ұсынылды.

Жұмысшылар алдындағы жалақы бойынша берешек мәселелері бойынша Аршалы ауданындағы «Михайловское» ЖШС және Көкшетау қаласындағы «Тыныс» АҚ басшылары тыңдалды. Жұмыс берушілер кәсіпорындардағы берешекті осы жылғы мамыр айының соңына дейін өтеу бойынша міндеттемелер алды.

Сонымен қатар кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету және өндірістік жарақат алу жағдайларын болдырмау мәселелері бойынша тиісті шешімдер қабылданды.