Ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істейтін компаниялар Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің резиденті бола отырып, бірқатар салықтық жеңілдіктерге ие бола алады. Атап айтқанда, олар корпоративтік табыс салығынан, қосылған құн салығынан, жеке табыс салығынан және әлеуметтік салықтан толықтай босатылады.
Astana Hub-тың Ақмола облысындағы филиалының мәліметінше, бұл бастама цифрландыру үдерісін жеделдетуге және отандық IT-секторды қолдауға бағытталған.
Филиал басшысы Диан Айбашпановтың айтуынша, бүгінде өңірде 12 IT-компания технопарк резиденті мәртебесін алып, ұсынылған жеңілдіктерді пайдаланып отыр:
«Astana Hub – бұл салықтық жүктемені азайтудың ғана емес, жобаларды кеңейту мен шетелдік нарықтарға шығудың тиімді алаңы. Мемлекеттік қолдаудың арқасында IT-компаниялар өз өнімдерін дамытуға, инновацияларды енгізуге толықтай көңіл бөле алады», – деп атап өтті ол.
Мұндай жобалардың бірі – Okushy платформасы. Оның негізін қалаушы – Асель Абдрахманова. Бұл стартап – білім беру курстарының маркетплейсі мен оқу орталықтарына арналған CRM жүйесін біріктірген бірегей экожүйе.
«Цифрлық шешімдер білім беру нарығын түбегейлі өзгерте алады. Astana Hub ұсынған салықтық жеңілдіктердің арқасында біз технологияны жетілдіруге, маркетингке инвестиция құюға және аудиторияны кеңейтуге мүмкіндік алдық», – деді Асель Абдрахманова.
Okushy платформасы бүгінде жүздеген курсты бір ортаға біріктіріп, пайдаланушылар мен оқу орталықтары үшін ыңғайлы қызмет ұсынып отыр. Стартаптың алдағы жоспары – платформаны еліміздің басқа өңірлеріне тарату және мемлекеттік білім беру жүйелерімен интеграция жасау.
Astana Hub ұсынған қолдау бағдарламасы жалғасуда. Резидент болу үшін Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркеліп, технопарктің ресми сайтында өтінім беру қажет.