Марат Ахметжанов: «Тұрақты экономиканың берік іргетасы – инвестиция»

Марат Ахметжанов: «Тұрақты экономиканың берік іргетасы – инвестиция»

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен жиында Аршалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы және болашақ перспективалары талқыланды. Басқосуға мердігер ұйымдардың өкілдері, қоғам белсенділері, депутаттар мен облыстық басқарма басшылары қатысты.

Жиынды аша отырып, өңір басшысы қаралып отырған мәселенің маңыздылығына тоқталды.

«Біз мұнда ресми есептер тыңдау үшін емес, аудан экономикасының қазіргі жағдайын саралап, оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін қандай қадам жасау қажеттігін талқылау мақсатында жиналдық. Аршалы ауданы өңірімізде ерекше орын алады. Астананың іргесінде орналасуы ауданға қосымша мүмкіндіктермен қатар, жоғары талаптар да жүктеледі. Әсіресе инвестиция тарту мәселесіне баса мән беру қажет. Өйткені инвестиция – ауданның дамуының негізгі тетігі. Бұл – жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының ашылуына, салықтық түсімдердің артуына жол ашатын маңызды ресурс. Әрбір тартылған теңге – ауданның өркендеуіне және тұрғындарымыздың өмір сүру сапасының артуына қосылған үлес», – деді Марат Ахметжанов.

Аудан экономикасының қазіргі жай-күйі туралы Алмагүл Шүгірмакова баяндама жасады. Оның айтуынша, әлеуметтік-экономикалық дамудың жеті негізгі көрсеткішінің ішінде негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жоспар орындалмаған. Сондай-ақ ол жүргізілген талдау барысында аудандық есептік мәліметтер мен ресми статистика деректері арасында алшақтықтар анықталғанын атап өтті.

«Облыс бойынша кірістердің оң динамикасына қарамастан, қосымша қаражат көздерін ұлғайтуға мүмкіндік беретін резервтер жеткілікті. Бұл бағытта жұмысты күшейту қажет. Мысалы, басқа өңірлерге көшкен заңды тұлғаларды салықтық есепке қою мәселесі бойынша жұмыстар жүргізілуде, алайда әзірге нәтижесіз болып отыр», – деді басқарма басшысы.

Инвестиция тарту және ауыл шаруашылығын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармаларының басшылары Бахытжан Сапар мен Нұрбек Бадыраков баяндады.

Жиында, сондай-ақ, Аршалы ауданында пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру мәселесі қаралды. Бұл бағытта облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовтың жетекшілігімен жұмыс тобы құрылған. Оның негізгі мақсаты – заңсыз әрекеттердің алдын алу және анықтау. Биылғы сәуір айында аталған топ Бабатай ауылында заңсыз пайдалы қазбалар өндіру фактілерін тіркеп, қазіргі таңда жер қойнауын пайдаланушыларды тіркеу бойынша мониторинг жұмыстарын жалғастыруда.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі барлық көтерілген мәселелерді ерекше бақылауға алып, аудан аумағындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды.