Ұлттық кітап күніне орай «Көкшетау – ән ордасы» антологиясының тұсаукесері өтті

Ұлттық кітап күніне орай «Көкшетау – ән ордасы» антологиясының тұсаукесері өтті

2025 жылғы 23 сәуірде елімізде алғаш рет аталып өтіп жатқан Ұлттық кітап күні аясында Ақмола облыстық Магжан Жұмабаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында «Көкшетау – ән ордасы» атты антологияның тұсаукесері өтті.

Іс-шараға Ақмола облысының әкімі, Ардагерлер кеңесінің өкілдері, мәдениет қайраткерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Кітап күнімен құттықтаған өңір басшысы кітаптың жеке тұлға ретінде қалыптасудағы және дүниетанымның дамуына қосатын ерекше үлесін атап өтті.

«Ұлттық кітап күні елімізде алғаш рет 2025 жылғы 23 сәуірде аталып өтілуде. Бұл жаңа мереке Мемлекет басшысының үшінші Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмасына сәйкес белгіленіп, қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында енгізілді. Бұл күн — әр жастағы адамдарды кітап оқуға ынталандыру, мәдениетті дамыту, кітапханалар мен кітаптарға деген назарды арттыру жолында маңызды оқиға», — деді Марат Ахметжанов.

Іс-шара барысында «Көкшетау – ән ордасы» антологиясы жобасының авторы, ақын Мерген Тоқсанбай және Магжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Қуаныш Оспан сөз сөйледі.

Айта кетейік, Ұлттық кітап күніне орай Ақмола облысының барлық кітапханаларында «Kitap Avenue» онкүндігі өтті. Аталған жоба аясында «Кітап – ұлттың рухани тірегі» фестивалі, мәнерлеп оқу байқаулары, кітап керуендері, библиокафе, сондай-ақ библиотүн, библиофест, ашық есік күндері, әдеби кештер, ашық аспан астындағы оқу алаңдары және басқа да көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды.