Ақмола облысында теміржол вокзалдарының ауқымды қайта жаңғыруы биыл аяқталады. Жұмыстар облыстың ірі қалалары мен ауылды елді мекендерін қамтиды. 2025 жылдың соңына дейін Көкшетау, Щучинск, Макинск, Атбасар, Ақкөл, Есіл, Ерейментау, Державинск қалалары мен Жақсы, Жалтыр, Аршалы, Шортанды, Никольск, Еркіншілік, Сарыоба және Үленты ауылдарындағы вокзалдар толығымен жаңартылады.
Көкшетаудағы жұмыс сапарында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жаңа вокзалдардың жобасымен танысып, мердігер ұйым өкілдерімен кездесті.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаковтың айтуынша, жобаны жүзеге асыру үшін екі мердігер компания — ТОО «Жарқын Құрылыс» және ТОО «IntegraConstruction KZ», сондай-ақ жобалық ұйымдар — ТОО «АСТРА ЛТД» және ТОО «Ремквит» тартылған.
«Ақмола облысы елімізде бірінші болып құрылыс келісімшарттарын ертең жасайды. Сондай-ақ, еліміздегі вокзалдардың ең көп жаңартылатын саңы біздің өңір. Болашақ жаңартылған Көкшетау вокзалының екі нұсқасы бар. Объектінің ішкі безендірілуі де толықтай өзгертіледі», — деді Владимир Кулаков.
«Қоғам пеікіріне де құлақ асу қажет. Қала тұрғындары өздеріне ұнайтын жобаны таңдауы керек. Вокзал заманауи болуымен қатар, өз архитектуралық тұтастығын сақтауы тиіс. Вокзал алаңы да бір стильде болуы қажет. Бұл — облыс әкімдігі, Көлік министрлігі және «Қазақстан Темір Жолы» акционерлік қоғамының алғашқы бірлескен жобасы», — деп атап өтті облыс әкімі.
Айта кетейік, қайта жаңғырту «көпсалалы» тәсілмен жүзеге асырылмақ — яғни жобалау мен инженерлік зерттеулерден бастап, құрылыс және монтаж жұмыстарына дейін толық жұмыс тізбегін қамтиды. Қазіргі уақытта барлық объектілердің техникалық тексерулері аяқталып, жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр.
Вокзал маңындағы алаңдарды абаттандыруға да арнайы көңіл бөлінген. Ол алаңдар жаңартылған вокзалдармен бірегей архитектуралық стильде безендірілетін болады.
Сонымен қатар, Көкшетау теміржол вокзалы күн сайын 1800-ден астам жолаушыны қабылдап, 4 бағытта жұмыс істейді: Петропавл, Пресногорьковская, Қызыл-Ту, Астана. Көкшетау теміржол вокзалының басшысы Роза Арыстанқызының айтуынша, вокзал қайта жаңғыртылғанша жолаушыларды перронға жеткізу үшін екі автобус ұйымдастырылмақ. Ал вокзалдың өзі уақытша автовокзал ғимаратына көшіріледі.
Теміржол вокзалының жаңа дизайнына осында дауыс бере аласыз - https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/survey/2035?lang=kk