Ақмола облысында көктемгі егіс науқанына арналған техника толық дайын

Ақмола облысында көктемгі егіс науқанына арналған техника толық дайын

Көктемгі егіс жұмыстарының табысты өтуінде техникалық дайындықтың рөлі аса маңызды. Биылғы науқанға 12,6 мың трактор, 16,9 мың тұқымсепкіш және 1,5 мың заманауи егіс кешені қатысып, шамамен 3,1 млн гектар егістік алқапты қамтитын болады. Бұл – жаздық егіс көлемінің 67 пайызын құрайды.

Соңғы үш жылда өңірдің диқандары 196 миллиард теңгеге 5,6 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Биылдың өзінде-ақ 162 техника бірлігі , оның ішінде тракторлар, комбайндар және тұқымсепкіш кешендер жаңартылған. Бұл ретте, жылдық мөлшерлемесі 5 пайызды құрайтын жеңілдетілген лизинг механизмі айтарлықтай қолдау болды. Ақмола облысы бойынша 269 техника бірлігіне өтінімдер мақұлданған.

«Ауыл шаруашылығы құрылымдарының техникалық паркін жаңарту және көктемгі егіс жұмыстарына сапалы дайындық — бұл маусымдық шара ғана емес, аграрлық сектордың тұрақтылығы мен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды қадам», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар, диқандар арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілді: 76,6 мың тонна жанармай литрі 254 теңгеден бөлінді. Бұл егіс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде атқаруға мүмкіндік береді.