Ақмола облысы агросалада жаңа белестерге қадам басуда

Ақмола облысы агросалада жаңа белестерге қадам басуда


Ақмола облысы еліміздің ірі аграрлық өңірі ретіндегі позициясын нықтап келеді. 2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 920 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 45 пайызға артқан. Облыс дәнді дақылдардың өнімділігі мен агроөнеркәсіптік кешеннің даму қарқыны бойынша көш бастады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңір алдына ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін екі есе ұлғайту және АӨК-тегі еңбек өнімділігін үш есеге арттыру міндеті қойылды. Бұл мақсатта облыста заманауи агротехнологиялар енгізіліп, Агрономиялық кеңес жұмыс істейді, ауыл шаруашылығы өндірушілерімен ауқымды ғылыми-тәжірибелік жұмыстар да жүргізіліп жатыр. Бұл – көктемгі егіс жұмыстарын табысты өткізіп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін арттырудың негізгі кепілі.

«Ақмола облысы – еліміздегі жетекші аграрлық өңірлердің бірі және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Президент алдымызға ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін екі есе арттырып, еңбек өнімділігін көтеру жөнінде ауқымды міндет қойды. Бұл міндетті орындауға толық мүмкіндігіміз бар. Қазір өңірде диқандарға қолдау көрсетуге бағытталған заманауи технологиялар мен тетіктер кеңінен енгізілуде», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Уақтылы дайындық жұмыстары – тұқым, жанар-жағармай және ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етілуі өңірдің көктемгі егіс науқанын табысты өткізуге толық әзір екенін көрсетеді.