Көкшетауда Наурыз мейрамын тойлауға 25 мыңнан астам адам қатысты

Көкшетауда Наурыз мейрамын тойлауға  25 мыңнан астам адам қатысты

Көкшетауда Абылай хан алаңында Наурыз мерекесіне арналған басты салтанатты шара өтті. Оған Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысып, өңір тұрғындарын мейраммен құттықтады және ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыпты бейнелейтін киіз үйлерді аралады.

«Наурыз – жаңару, ізгілік пен бірліктің мерекесі. Ата-бабаларымыз бұл күнді табиғаттың жаңаруының, молшылық пен берекенің символы ретінде атап өткен. Заманауи Қазақстанды құру кезеңінде бұл мейрам бұрынғыдан да терең мағынаға ие болып, баршамызды достық, ынтымақ пен  еңбек секілді ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіреді», – деді өңір басшысы.

Облыс әкімі ұлттық нақышта безендірілген басты киіз үйге кіріп, онда қойылған 40 метрлік LED-экраны бар интерактивті мұражаймен танысты. Көкшетауда алғаш рет ұйымдастырылған бұл ауқымды жоба қала тұрғындарына Наурыз мерекесінің тарихын бейнелейтін видеоматериалдарды тамашалап, ата-баба дәстүрлері туралы көбірек білуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, Марат Ахметжанов қазақ халқының дәстүрлерін насихаттайтын он тақырыптық киіз үйді аралады. Мұнда «Бесікке бөлеу», «Құда түсу», «Сырға салу» сияқты ұлттық жоралғылар мен «Асық ату» сынды дәстүрлі ойындар көрсетілді.

Мерекелік бағдарлама аясында өңірдің шығармашылық ұжымдары дайындаған «Сән-салтанатты әз-Наурыз!» атты музыкалық-хореографиялық қойылым ұсынылды. Кештің көркін қазақ эстрадасының жұлдыздары – Мирас Жүгінісов, Жазира мен Жанболат дуэті, сондай-ақ «Абырой» тобының өнері ашты.

Салтанатты шара Тәуелсіздік алаңында жалғасып, онда қазақ күресі, асық ату, арқан тарту сынды 11 ұлттық спорт түрінен жарыстар өтті. Әсіресе, 80 кг-нан жоғары салмақтағы балуандар арасында өткен «Түйе балуан» сайысы ерекше қызығушылық тудырды.

Көкшетау тұрғындары Наурызды жылы әрі отбасылық атмосферада атап өтті.