Бестөбеде әлеуметтік нысандарды салудағы кемшіліктерді жою тапсырылды

Бестөбеде әлеуметтік нысандарды салудағы кемшіліктерді жою тапсырылды

Степногорск қаласына қарасты Бестөбе кентінде инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік нысандарды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Өңір басшысы Марат Ахметжановтың тапсырмасы бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысын бақылады.

Спорт-сауықтыру кешені мен 300 орындық мектептің құрылысында Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бірқатар олқылықтар анықтады. Мердігер ұйымдарға оларды қысқа мерзімде жою тапсырылды. Сонымен қатар, құрылыс қарқынын арттыру үшін қосымша жұмыс күшін, оның ішінде жергілікті тұрғындарды тарту қажеттігі айтылды.

«Мемлекет тарапынан толық қаржыландыру қарастырылған. Сіздерден талап етілетіні – нысандарды белгіленген мерзімде сапалы аяқтау. Егер жұмыс уақытында бітпесе, мемлекеттік сатып алудың жауапсыз қатысушысы деп танылып, келісімшарт бұзылады. Сондай-ақ, стадион құрылысы бойынша да нақты тапсырмалар берілді. Нысанды уақытында пайдалануға беруге ешқандай кедергі жоқ. Қаржы толық бөлінген, сондықтан жұмыс бекітілген кестеге сай жүргізілуі керек», – деп атап өтті Елдос Рамазанов.

Бестөбе кентінің тұрғындары кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында «Viamedis» орталығынан медициналық қызмет алады. Аталған мекеме қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бірінші орынбасар жедел жәрдем станциясы бөлімшесінің жұмысын жандандыру бойынша тапсырма берді.

Сапар барысында елді мекен ішіндегі жолдардың құрылыс қарқынын жеделдету бойынша нақты міндеттер қойылды.

Сондай-ақ, көліктік бақылау инспекциясы мен полиция департаментіне ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылау, олардың салмақтық параметрлеріне тұрақты рейдтік шаралар жүргізу тапсырылды.

Елдос Рамазанов жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуды басты басымдық ретінде атап өтіп, барлық осы мәселелердің облыс басшылығының ерекше бақылауында екенін жеткізді.