Ақмола облысында 2024 жылы экстракорпоралдық ұрықтандыру квотасы толығымен игерілді

Ақмола облысында 2024 жылы экстракорпоралдық ұрықтандыру квотасы толығымен игерілді

2024 жылы Ақмола облысында экстракорпоралдық ұрықтандыруға 262 квота бөлінді. Бұл ұрықтандырудың барлық кезеңдері және эмбриондардың ерте дамуы ананың денесінен тыс жүзеге асырылатын (жүктілікке қол жеткізу мақсатында) бедеулік емдеуден өткен бедеу жұптардың саны. 2024 жылы ЭКҰ жасатқан бедеулік 89 жұп (33,9%) оң нәтиже көрсетсе, 173 жұп теріс нәтиже көрсектен. Айта кетейік, 2023 жылға 266 квота бөлінді. 87 жұп оң нәтиже көрсетті, 179 – теріс.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығына облысқа 100 квота бөлінді.

 Ақмола облысында 2025 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша бедеулік диагнозымен 1259 ерлі-зайыптылар тіркелген.

Мамандар әрбір ерлі-зайыптылардың ЭКҰ үшін қолайлы емес екенін атап өтеді. Толық тексеру, сатылы емдеу, гормоналды және қабынуға қарсы терапия, тіпті тамақтануды түзету арқылы сәтті нәтижеге қол жеткізуге болады.

Дегенмен, егер ЭКҰ ата-ана болудың соңғы үміті болып қалатын болса, ерлі-зайыптылар бірінші кезекте жергілікті гинекологқа хабарласып, диспансерде тіркеліп, бедеуліктің себептерін анықтау үшін тексеруден өтуі керек. 12 ай ішінде бедеуліктің себептерін тексеріп, анықтағаннан кейін пациенттің тіркелген жері бойынша денсаулық сақтау ұйымы мамандандырылған маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын облыс, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті мемлекеттік денсаулық сақтау органдарының жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсету жөніндегі комиссиясына жібереді. Медициналық ұйымды таңдау құқығы пациентте қалады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында отбасылық және демографиялық жағдайға қатты алаңдаушылық білдірді. Қазақстандағы әрбір алтыншы отбасы балалы бола алмайтынына тоқталған Мемлекет басшысы Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған Сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Оның аясында ЭКҰ бағдарламасына квота саны 7 мыңға дейін, яғни 7 есеге дейін артады.

 Еске сала кетейік, алғаш рет жасанды ұрықтандыру 1978 жылы Англияда жүргізілген. Қазіргі уақытта ЭКҰ процедурасы 81 елде жүзеге асырылады. Бедеулікті емдеудің бұл әдісі қазірдің өзінде дүние жүзінде 12 000 000, Қазақстанда 22 мыңнан астам баланың дүниеге келуіне көмектесті.