Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғали әлеуметтік санат бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған Ақмол ауылының 45 тұрғынына жаңа пәтердің кілттерін салтанатты түрде табыстады.
Салтанатты рәсім барысында аудан әкімі жаңа қоныс иелерін келе жатқан мерекемен және олардың өміріндегі маңызды оқиғамен құттықтады. Ол халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Жаңа қоныс иелері атынан алғыс сөзін көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері Самал Нұрғалиева сөйледі. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысына ризашылығын білдірді.
«Біздің отбасымыз үшін бұл – үлкен бақыт. Біз бұл күнді ұзақ күттік, және бүгін арманымыз орындалды!» – деді ол.
Салтанатты шара аудандық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдары дайындаған мерекелік концертпен аяқталды. Шынайы эмоциялар, жаңа қоныс иелерінің қуанышты күлкісі мен жылулыққа толы атмосфера бұл күнді ұмытылмас сәтке айналдырды.