Биыл Көкшетауда ауқымды өзгерістер болады деп күтілуде. Облыс орталығында Копа көлі жағалауының құрылысы басталып, саябақтар қайта жаңғыртылады, сондай-ақ жаңа скверлер мен бульварлар пайда болады. Көкшетауға жұмыс сапары барысында облыс әкімі Марат Ахметжановқа жаңа қоғамдық кеңістіктердің жобалары таныстырылды.
Рахымбек Сабатаев, Ақан сері, Мақтай Сағдиев және Біржан сал көшелерінің қиылысында Батырлар саябағы салынады. Жаңартудан кейін бұл орын қала тұрғындарының сүйікті демалыс аймағына айналады. Жобада көгалдандыруға, жарықтандыруға және жайлылыққа ерекше мән берілген.
Батырлар саябағынан тұрғындар Жеңіс аллеясына дейін өте алады. Бұл аллеяның сәулеттік стилі Батырлар саябағымен үндесіп, заманауи көрініске ие болады. Мұнда кіреберіс аймақтар жаңартылып, бұталы және гүлді өсімдіктер көбейтіледі, балалар ойын алаңдары мен воркаут аймақтары салынады. Сонымен қатар, фудкорттар, құрғақ субұрқақтар, заманауи жарықтандыру жүйелері және шағын сәулеттік нысандар орналастырылады. Сондай-ақ, мемориалдық тастар да жаңартылып, көрнекі келбетке енеді. Тәуелсіздік алаңы мен Уәлиханов аллеясы да өзгеріске ұшырайды, сондай-ақ Сағдиев көшесінде жаңа жаяу жүргіншілер бульвары салынады, онда көпжылдық көгалдандыру мен бос кеңістіктерді тиімді пайдаланудың заманауи шешімдері жүзеге асырылады.
Ландшафттық дизайн жобасын «ENVICON» компаниясы әзірлеген. Компания басшысының орынбасары Сергей Тропиннің айтуынша, жобалау барысында қаланың дизайн коды қатаң ескеріліп, жарықтандыру, көгалдандыру және суару бойынша заманауи технологиялар қолданылған. Олар қала сәулетінің стиліне үйлесімді кірігіп, қалалық аумақтардың макроклиматына оң әсер етеді. Жоба аяқталғаннан кейін оны әрі қарай жүзеге асыру үшін қала әкімдігіне тапсыру жоспарлануда.
Аталған заманауи қоғамдық кеңістіктер жаңа Копа көлі жағалауымен біріктіріледі. Мердігер ұйымның мәліметінше, өткен жылы барлық инженерлік желілер төселген. Биыл компания наурыз айында жұмысқа кірісіп, маусым айында аяқтауды жоспарлап отыр.
Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеевтің айтуынша, биыл шамамен 12 гектар жер абаттандырылады. Жеңіс саябағынан бастап Даңқ аллеясын, Тәуелсіздік саябағын, Уәлиханов аллеясын, Сәгдіев көшесіндегі бульварды және Жаңа Жағалауды қамтитын туристік маршрут құрылмақ. Бұл орын қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналып, сондай-ақ шағын кәсіпкерліктің дамуына қосымша серпін береді.
Өңір басшысы жобаларды жүзеге асыруды жеделдетуді тапсырды.
«Сапа, беріктік және эстетика – бұл жобаларды іске асыру кезінде сақталуы тиіс басты қағидалар», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.