6 наурыз күні Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Көкшетауға жұмыс сапарымен келіп, өңір тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында отын-энергетика кешенін дамытуға қатысты маңызды мәселелер, соның ішінде Көкшетау ЖЭО құрылысы, газдандыру, жанар-жағармаймен тұрақты қамтамасыз ету және сұйытылған газ тұтынудың артуы талқыланды. Бұл туралы Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы хабарлады.
"Бүгінде біздің жұмысымыз мұнай-газ және энергетика салаларын дамытуға, сондай-ақ халық үшін маңызды мәселелер – газдандыру, электрмен және жылумен қамту, мұнай өнімдерін жеткізуге бағытталған,” – деді вице-министр.
Сұңғат Есімхановтың айтуынша, қалалардың қарқынды өсуі мен халық қажеттіліктерінің артуына байланысты қазіргі қуат көздері жеткіліксіз. Осыған орай, министрлік жергілікті билікпен бірлесіп инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде.
“Өңірде өндірілетін электр энергиясы 9,25 млрд кВт/сағатты құрайды, ал тұтыну көлемі – 17,6 млрд кВт/сағат. Басты энергия көзі – Степногор ЖЭО, бірақ оның қуаты қазіргі талаптарға сай емес. Осы себепті Көкшетау ЖЭО құрылысын бастау мәселесі қарастырылуда. 2024 жылы Көкшетау жылу көздерінің күл-қоқыс қоймасының бөгетін қайта жаңғыртуға 3,1 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы Атбасардың орталық қазандығы мен жылу желілерін жаңарту үшін 7,2 млрд теңге қарастырылған,” – деп түсіндірді вице-министр.
Ақмола облысы жаңартылатын энергия көздерін енгізу бойынша көшбасшылар қатарында. Өңірде жалпы қуаты 541,35 МВт болатын 19 нысан жұмыс істейді, оның ішінде 18 жел электр станциясы бар. Жақын арада қуаты 4,95 МВт болатын тағы бір жоба іске қосылады.
Жанар-жағармаймен қамту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Вице-министрдің айтуынша, қор жеткілікті, ешқандай іркілістер жоқ, ал бағалар тұрақты деңгейде. Бүгінде өңірде 187 жанармай құю бекеті жұмыс істейді, олардың барлығы мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз етілген. Қор көлемі:АИ-92 – 24,07 мың тонна (40 күнге жеткілікті), АИ-95 – 3,99 мың тонна (28 күн), Дизель отыны – 27,96 мың тонна (19 күн)
Жанармай бағалары: АИ-92 – 203-209 теңге/литр, АИ-95 – 263 теңге, дизель отыны – 295-299 теңге. Спекуляцияның алдын алу мақсатында жергілікті билік тұрақты мониторинг жүргізіп, тексерістер ұйымдастыруда.
Ақмола облысында халықты табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда өңірдің газдандыру деңгейі 6%, ал 47 500 тұрғын табиғи газбен қамтылған. Алдағы уақытта “Сарыарқа” магистральды газ құбырының жаңа кезеңдері салынады, бұл жоба Солтүстік Қазақстан облысын да қамтиды. Аталған жобаны жүзеге асыру “Бейнеу – Бозой – Шымкент” газ құбырының екінші желісінің құрылысы аяқталғаннан кейін мүмкін болады. Сондай-ақ Қазақстанды Ресейдің газ жүйесіне қосу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.
Кездесу соңында вице-министр өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту және тұрғындарды қажетті ресурстармен қамту мәселелері үкіметтің тұрақты бақылауында болатынын айтты.