Ақмола аграршылары өткен жылғы қаржылық міндеттемелерін толық орындап, 2025 жылғы егіс жұмыстарына 50 млрд теңгеге жуық қаражат алды

Ақмола аграршылары өткен жылғы қаржылық міндеттемелерін толық орындап, 2025 жылғы егіс жұмыстарына 50 млрд теңгеге жуық қаражат алды

Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері – еліміздің жетекші аграрлық өңірінің диқандары – қаржы институттары алдындағы барлық міндеттемелерін мерзімінде орындады. 2024 жылы «Кең Дала» бағдарламасы аясында шаруаларға 60 млрд теңге бөлініп, толық игеріліп, уақытылы қайтарылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы елімізде көктемгі егіс жұмыстарына 700 млрд теңге қарастырылған. Егіс науқанына уақытылы дайындалу үшін фермерлер «Кең Дала 2» бағдарламасы аясында жеңілдетілген қаржыландыруға былтырғы жылдың желтоқсан айынан бастап қол жеткізді.

Қазіргі уақытта жеңілдетілген несиеге берілген өтінімдердің жалпы көлемі 86,2 млрд теңгені құрайды. 2025 жылдың басынан бері 90,1 млрд теңгеге 516 өтінім қабылданды. Оның ішінде 49,4 млрд теңгеге қаржыландыру мақұлданып, бөлінді. Атап айтқанда, аграрлық несие корпорациясы арқылы 13,6 млрд теңгеге 164 өтінім, «Көкше» ӘКК арқылы 22,3 млрд теңге, екінші деңгейлі банктер арқылы 13,5 млрд теңгеге 34 өтінім мақұлданды.

Осылайша, 2025 жылдың 1 наурызына дейін өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері көктемгі егіс жұмыстарына қажетті қаржыға қол жеткізді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет биылғы егіс жұмыстарына жеңілдетілген несие беру өткен жылдың желтоқсан айында басталды. Бұл фермерлерге айналым қаражатын толықтыруға, еңбекақы төлеуге, сапалы тұқым, минералды тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдары, жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер және өзге де қажетті тауарлар мен қызметтерді алдын ала сатып алуға мүмкіндік береді. Бөлінген бюджет қаражаты меншік түріне қарамастан, агробизнес субъектілерінің барлығына – шағын шаруа қожалықтарынан бастап ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарына дейін қолжетімді. Жыл сайын біз шамамен 2,5 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін қаржыландырамыз», – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан.