Тұрғын үйлерді жаңарту: Бурабай ауданының тәжірибесі Ақмола облысының аудандарына кеңінен енгізіледі

Тұрғын үйлерді жаңарту: Бурабай ауданының тәжірибесі Ақмола облысының аудандарына кеңінен енгізіледі

Соңғы екі жыл ішінде Ақмола облысында халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Мемлекет басшысының әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды сапалы және қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында өткен жылы өңірдің 10 ауданында тұрғын үйді сатып алу бағдарламасы бойынша 14,7 млрд теңгеге 850 жалдамалы пәтер сатып алынды. Оның ішінде 318 пәтер Көкшетау қаласына, 180-і Қосшыға, 92-сі Бурабай ауданына, 80-і Жарқайың ауданына және басқа да өңірлерге бөлінді.

Облыс әкімі өткен жиында жаңа үйлердің тұжырымдамасы жан-жақты ойластырылып, тұрғындар үшін барынша қолайлы жағдай жасалуы керектігін атап өтті.

«Тұрғын үйді сатып алу бірнеше мәселелерді қатар шешуі тиіс – әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамту, бірыңғай сәулеттік тұжырымдама қалыптастыру, инженерлік инфрақұрылымды қамтамасыз ету және кезекті қысқарту. Әрбір жоба арнайы комиссияның қарауынан өтетін болады», – деді Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар, өңір басшысы Бурабай ауданында жүзеге асырылған тәжірибені өзге аудандарға да кеңінен енгізуді тапсырды.

Айта кетейік, Щучинск қаласындағы тұрғын үй – облыста реновация бағдарламасы аясында салынған алғашқы нысан. Мұндай жобаларды іске асыру азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсартып қана қоймай, қосымша инженерлік инфрақұрылым салмай-ақ қаланың келбетін жаңартуға мүмкіндік береді.

2025 жылы бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Жергілікті атқарушы органдар биылғы жылмен салыстырғанда көбірек пәтер сатып алуды жоспарлап отыр.