Облыстық әкімдік отырысында ветеринарлық қауіпсіздік мәселелері қаралды

Облыстық әкімдік отырысында ветеринарлық қауіпсіздік мәселелері қаралды

Облыс әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Аталған бағыттағы атқарылған жұмыстар жөнінде ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жунусов баяндама жасады. Оның айтуынша, 2024 жылдың мамыр айынан бастап пилоттық режимде «Ветеринарлық-санитарлық сараптама» атты ақпараттық жүйесі енгізілді. Бұл жүйе сою бекеттері, мал базарлары мен ет өңдеу кәсіпорындары үшін жүргізілген мал сою туралы ақпарат енгізуге, сараптама актісін рәсімдеуге және өнімді өткізуге ветеринарлық анықтама беруге мүмкіндік береді.

Басқарма тарапынан 20 модульдік ветеринарлық пункт сатып алынып, 3 стандартты мал қорымының құрылысы ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта тағы 6 мал қорымының құрылысы басталып, 2025 жылға өтпелі негізде жоспарланған. Сонымен қатар 3 мал сою бекеті ашылды. Облыстық бюджет есебінен ветеринарлық станцияларға арналған 22 қызметтік көлік сатып алынды. Бұдан бөлек, 3 мобильді инсинератор алуға қаржы бөлінді. Облыстың 9 ауданында 10 мал қорымының құрылысын жүргізу үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлуге өтінімдер әзірленді.

Мал басын сәйкестендіру және вакцинациялау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Жалпы, эпизоотиялық ахуалдың жақсаруы өңірдің экспорттық және импорттық әлеуетіне оң әсерін тигізіп отыр. Бұған қоса, бұралқы иттер мен мысықтардың санын реттеу үшін қаржы қарастырылып, қазіргі уақытта тиісті конкурстық рәсімдер ұйымдастырылуда.

Жиын барысында облыс әкімі ветеринарлық диагностикалық, профилактикалық және сауықтыру шараларының уақытылы әрі толық орындалуын, сондай-ақ республикалық жол картасында көзделген міндеттердің жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар бұралқы иттер мен мысықтарды аулау, вакциналау және стерилизациялау жұмыстарын күшейтуді жүктеді. Ветеринария саласында кадр тұрақтылығын шешу мақсатында жыл сайын әр аудан мен қаладан кемінде 5 адамды жоғары және орта арнаулы оқу орындарына ветеринария мамандықтары бойынша оқуға жіберу мәселесін қарастыруды міндеттеді.