Көкшетау қаласында «Тұқым күні, Тұқым-2025» халықаралық конференциясы өтті. Бұл шара Қазақстаннан және Еуропа мен ТМД елдерінен келген агрономдар, сарапшылар мен зерттеушілерді тоғыстырды.
Шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан қатысты. Ол осындай алаңдардың тәжірибе мен білім алмасудағы маңыздылығын атап өтті.
Қатысушылар жоғары маржиналды дақылдардың отандық және шетелдік селекциядағы тұқымдар көрмесімен танысты.
Сапалы тұқым – мол өнім алудың негізгі факторы. Өткен жылы өңірдің аграршылары жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Бұл агрономиялық технологияларды қатаң сақтауға, элиталық тұқым себу алқаптарының ұлғаюына және мемлекеттік қолдау бағдарламаларын тиімді іске асыруға байланысты болды.
Тұқым селекциясының маңызы зор. Бұл бағытта А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы тұрақты зерттеулер жүргізіп келеді. Орталық ғалымдарының еңбегінің бір дәлелі – «Таймас» жаздық жұмсақ бидай сорты. Ол өткен жылы Қазақстанның климаттық сын-қатерлеріне бейімделу және селекция саласындағы инновациялардың символына айналды.
Конференция барысында ғалымдар мен мамандар тұқым сапасын арттыру, заманауи селекциялық технологияларды енгізу, өңдеудің инновациялық әдістерін қолдану және өнімділікті арттыру мақсатында дақыл сорттарын жетілдіру мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, отандық және шетелдік селекционерлер әзірлеген перспективалы ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттары туралы ақпарат ұсынылды.
«Тұқым күні, Тұқым-2025» Көкшетау халықаралық конференциясы аграрлық ғылымды дамыту және ауыл шаруашылығы тиімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам болды.