Ақкөл ауданының Урюпинка ауылында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңа Фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) іске қосылды. Бұл медициналық мекеме бес елді мекеннің 1500-ден астам тұрғынына медициналық көмек көрсетеді.
Жаңа амбулатория ғимараты заманауи медициналық мекемелерге қойылатын барлық талаптарды ескере отырып жобаланған. Ішінде 10 мамандандырылған кабинет бар: тіркеу бөлімі, ақпараттандыру кабинеті, фельдшер кабинеті, қақырық жинау кабинеті, физиотерапия кабинеті, процедуралық кабинет, стерильдеу бөлмесі, қарау кабинеті, егу кабинеті және қосалқы бөлмелер. Барлық кабинеттер заманауи жиһаздармен және медициналық жабдықтармен, соның ішінде дефибриллятор, ЭКГ-аппарат, небулайзер және стерильді кабинасымен жабдықталған. Сонымен қатар, 4 бірлік компьютерлік техника мен веб-камералар орнатылған.
Медициналық бригада құрамында білікті мамандар жұмыс істейді: аға дәрігер, 3 орта медицина қызметкері және 1 әлеуметтік қызметкер, олар ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетуге дайын. ФАП заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген және күніне 40 пациентке дейін қабылдай алады.
Көлікпен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында амбулаторияға санитарлық көлік бекітілген, бұл науқастарды қажет болған жағдайда жедел жеткізуге мүмкіндік береді.
«Медициналық мекеменің ашылуы біз үшін маңызды оқиға. Енді біз аудан орталығына бармай-ақ, осында заманауи медициналық көмек ала аламыз. Біздің қажеттіліктерімізге осылай көңіл бөлінгеніне қатты ризамыз», – деп әсерімен бөлісті Урюпинка ауылының тұрғыны Наталья Ильинична.