Ерейментау ауданында арнайы инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында «BIG FARM» ЖШС өкілдері Франция және Испаниядан келген жабдық жеткізушілермен кездесті. Жұмыс кездесуіне Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов пен Ерейментау ауданының әкімі Нұрлан Мұқатов қатысты.
Кездесу барысында «BIG FARM» ЖШС құрылтайшысы Оралбай Әбуов халықаралық жетекші компаниялармен бірқатар стратегиялық маңызды келісімшарттарға қол қойды. Олардың ішінде Испаниялық ROSAL MABRIK компаниясымен сағатына 20 тонна өнім өндіретін құрамажем зауытын салу туралы келісім; Франциялық GLOBAL GRAIN SOLUTION GROUP компаниясымен 50 мың тонна сыйымдылығы бар элеватор салу жөніндегі келісім; Испаниялық APISA компаниясымен сағатына 3 тонна жем-шөпті дегидрациялайтын (кептіру) желісін жеткізу туралы келісім.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов бұл жобаның өңір үшін маңыздылығын атап өтіп, агроөнеркәсіптік сектордағы әлемдік көшбасшылармен ынтымақтастық ел мен аймақтың тұрақты дамуына ықпал ететінін жеткізді.
Айта кетейік, бұл жоба сиыр етін өндіру мен қайта өңдеудің толық циклді технологиясын қамтиды. Жобаның жоспарланған ең жоғары қуаты 20 000 бас малды құрайды және ол жоба Индустрияландырудың бірыңғай картасына енгізілген.