Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында (ӘКК) кеңес өткізді. Бұл корпорация өңір үшін маңызды «Кең дала 2» және «Ауыл Аманаты» бағдарламаларын, сүт-тауар фермаларын салу бойынша инвестициялық жобаларды, «Цифрлық теңге» пилоттық жобасын, тұрғын үй қорын жаңғырту сынды ауқымды бастамаларды іске асырады.
«KOKSHE» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Баяхметов 2024 жылы «Кең дала 2» бағдарламасы аясында 11 млрд теңгеге 35 өтінім мақұлданып қаржыландырылғанын атап өтті. 2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына дайындықты бастау үшін жеңілдетілген несиелерге өтінім қабылдау өткен жылдың желтоқсан айынан басталды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «KOKSHE» ӘКК арасында 32 млрд теңгеге негіздемелік келісім жасалды. Фермерлер жеңілдетілген несиелер алып, егіс жұмыстарына дайындалуда.
Сонымен қатар, ӘКК төрағасының орынбасары өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру, әлеуметтік маңызы бар тауарлар өндірушілері мен қайта өңдеу кәсіпорындарын форвардтық қаржыландыру, сондай-ақ сүт-тауарлы фермалар құрылысына бағытталған жеті инвестициялық жоба туралы баяндады.
Негізгі көрсеткіштер бойынша есептерді тыңдағаннан кейін Марат Ахметжанов мемлекеттік қолдау ретінде жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар алған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өнімділік пен сапа бойынша жоғары нәтижелер көрсетуі тиіс екенін атап өтті. Ол тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін аудан әкімдіктерінің аграрийлермен және «KOKSHE» ӘКК-мен үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін ескертті.
«KOKSHE» ӘКК өңіріміз үшін маңызды міндеттерді шешуі керек. «Ауыл Аманаты» және «Кең Дала 2» несие беру бағдарламаларына ерекше назар аудару қажет. Бұл несиелеу бағдарламалары өз салаларында ауыл шаруашылығы мен жалпы экономиканың тұрақты дамуының негізі болып табылады. Сондықтан бағдарлама қатысушыларын белсенді ақпараттандыруды қамтамасыз етіп, несиелеуге өтінімдерді жедел беру мен қарау үшін барлық қажетті жағдайларды жасау қажет», – деп атап өтті М. Ахметжанов.
Аудан әкімдеріне «Ауыл Аманаты» бағдарламасының әлеуетті қатысушыларын анықтау үшін елді мекендерді скринингтен өткізу және әрбір қарыз алушыны сүйемелдеуді қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл бағдарламаны іске асыруға 1,8 млрд теңге бөлініп, 391 жаңа жұмыс орнын құруға жол ашатын кемінде 308 шағын несие беру жоспарлануда.
Сонымен қатар, облыс әкіміне Көкшетаудағы тұрғын үй қорын жаңарту туралы баяндалды. Уәлиханов – Гоголь, Саин – Быковский көшелерінің шаршысында алты ескі үй сүріліп, екі көпқабатты үйдің іргетасы құйылып, мұнаралы крандар орнатылды.
«Сіздің тапсырмаңыз бойынша бұл бағдарламаны екі кезеңге бөлдік: бірінші кезең – 2025-2027 жылдар, екінші кезең – 2028-2030 жылдар. Нүктелі құрылысқа сәйкес келетін екі кварталды аймақты қарастыруды ұсынамыз. Вернадский 11 мекенжайындағы апатты үй мәселесі ескеріліп отыр. Екінші орын: Абай-Тәшенов-Әуезов-Пушкин көшелерінің шаршысы. Бұл жерде 66 пәтер бар, қазір меншік иелерімен жұмыс жүргізілуде, олар пәтерлерін сатуға дайын», – деп атап өтті ӘКК төрағасының орынбасары Әли Әлиев. Ол тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы халық арасында жақсы пікірлер туындатып қана қоймай, құрылыс компаниялары арасындағы әлеуетті инвесторларды да тартқанын тілге тиек етті.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов кеңес қорытындысы бойынша аталған жобалар өңір экономикасын айтарлықтай жақсартуға қабілетті екенін атап өтіп, жұмысты белсенді жалғастыруды тапсырды.