Ақмола облысында су тасқынына дайындық қызу жүріп жатыр. Шаралар жоспары аясында гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне ерекше назар аударылып, жаңа нысандардың құрылысы мен қолданыстағы су қоймаларын қайта жаңартуға мән берілуде.
Жобаларды жүзеге асыру мәселесі облыс әкімдігінде талқыланды. Жиынға облыс әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өңірдегі мердігер ұйымдар шақырылды.
Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Джанет Микишевтің айтуынша, қазіргі уақытта өңірде Жабай, Шағалалы және Қалқұтан өзендерінде жағалауды нығайту және өзен түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Жібек Жолы ауылында қорғаныс бөгеттерінің құрылысы жүргізіліп жатыр, бұл су тасқынының алдын алуға және жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Шортанды ауданының Дамса ауылында және Жақсы ауданының Чапаевская бөгетінде су өткізу құрылыстарын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл олардың өткізу қабілетін арттырып, су басу қаупін азайтуға бағытталған. Барлық шаралар «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.
Марат Ахметжанов жоспарланған іс-шараларды уақытылы және сапалы орындаудың маңыздылығын атап өтті. Ол тиісті қызметтерге жұмыстың барысын бақылауды күшейтуді және жергілікті билік органдарымен тығыз өзара байланыс орнатуды тапсырды. Әкім су тасқынына дайындықты кешенді түрде іске асыру қауіп-қатерді азайтуға, халықты қорғауға және инфрақұрылым нысандарын сақтауға көмектесетінін атап өтті.
«Жұмыстардың сапасы мен орындалу мерзімін бақылау қоғам тарапынан да, мемлекеттік органдар тарапынан да жан-жақты жүргізілуі тиіс. Бұл бастамалар халық қауіпсіздігін арттыруда, төтенше жағдайлардың алдын алуда және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуде стратегиялық тұрғыдан маңызды», — деді облыс әкімі.
Жиын қорытындысы бойынша жұмыстарды ұйымдастыру және белгіленген міндеттерді іске асыру үшін қосымша ресурстарды тарту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.