«Кең дала 2» бағдарламасы Ақмола облысындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау көрсететін маңызды құралға айналды. Бағдарлама аясында берілетін жеңілдетілген несиелер аграршыларға көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын уақытылы орындауға, кәсіпорындардың тиімділігін арттыруға және оларды дамытуға көмектесуде.
Бағдарламаның сәтті қатысушыларының бірі – Сандықтау ауданының «Максимовское» ЖШС. 2024 жылы компания «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кепілдігімен 500 млн теңге көлемінде несие алды. Бұл қаражат өсімдіктерді қорғау құралдарын, минералды тыңайтқыштарды, жанармай мен қосалқы бөлшектерді сатып алу сияқты қажеттіліктерді уақытылы өтеуге мүмкіндік берді.
«Кең дала 2» бағдарламасының арқасында біз егін жинау науқанын сенімді түрде бастадық. Несие қарызы 2024 жылдың қарашасында толықтай өтелді, яғни мерзімінен бұрын. Біз қаражатты бірінші болып қайтардық және бірден жаңа қаржыландыруға құжат тапсырдық. Бүгін біз құжаттарға қол қойып, 2025 жылдың көктемгі егіс жұмыстарына дайындық үшін 800 млн теңге алдық», – деп атап өтті «Максимовское» ЖШС директоры Александр Закусилов.
Ол сондай-ақ бағдарламаның аграршылар үшін бұрын екінші деңгейлі банктерден жоғары пайызбен несие алуға мәжбүр болған кездегі қиындықтарды жойып, ерекше жағдай жасап отырғанын айтты. Енді өңірдің агроөнеркәсіп кешені жеңілдетілген несиелерге қол жеткізіп, бұл сала тұрақты дамып келеді.
«Кең дала 2» бағдарламасы аясында 2025 жылдың көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына арналған 32 млрд теңге көлемінде несие желісін ашу бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «СПК KOKSHE» АҚ арасында негіздемелік келісім жасалды.
«Бүгінгі таңда «СПК KOKSHE» АҚ-да 26,6 млрд теңге сомасына 69 ауыл шаруашылығы өндірушілерінің пулын құрдық. Оның ішінде 7,5 млрд теңге көлеміндегі 22 өтінім Жарқайың ауданынан келіп түсті», – деп хабарлады «СПК KOKSHE» АҚ-ның несиелеу департаментінің директоры Дина Ахметжанова.
Еске сала кетейік, «Кең дала 2» бағдарламасы аясында 2024 жылы Ақмола облысының 35 ауыл шаруашылығы өндірушісі 11 млрд теңге көлемінде қаржыландыру алып, өңірде маусымдық дала жұмыстарына тиімді дайындық жүргізілді. «Кең дала 2» бағдарламасы өңірдегі аграршыларды қолдауды жалғастырып, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз етуде.