Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Жаңа жыл мерекесімен құттықтауы

Ақмола облысының әкімі  Марат Ахметжановтың  Жаңа  жыл мерекесімен құттықтауы

Құрметті ақмолалықтар!

Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Әр жыл біздің өміріміздегі шағын ғана кезең, ал, оның аяқталуы – атқарған жұмыстарымызды қорытындылауға және болашаққа мақсат қоюға жақсы бір мүмкіндік болып табылады.

Бүгін біз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау бағытында жүйелі түрде жұмыс істеп жатырмыз.

Облысымызда өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында жоғары еңбек өнімділігіне қол жеткізілді. Биыл бұрын-соңды болмаған 6,6 миллион тонна астық жиналды. Инвестиция ағыны айтарлықтай артып, жаңа кәсіпорындар ашылды. Әлеуметтік сала да дамып келеді. Облыста жаңа медициналық ұйымдар мен мектептер салынды, жүздеген отбасы мемлекет тарапынан жайлы жаңа баспанаға ие болды.

Ең бастысы, биыл бұрын-соңды болмаған су тасқынының салдарын еңсере алдық. Мұндай сынақтар ерік-жігерді шыңдап, күш-қуатты біріктіреді деп бекер айтпаған. Біз тап осындай сынақтан өттік. Оның барысында бірлескен еңбегіміздің, халқымыздың бірлігі мен бір-бірін қолдауының арқасында ешкім өз басының қиындығымен жалғыз қалған жоқ.

Бүгінде зардап шеккендердің барлығы жаңа баспанаға ие болып, бүлінген дүние-мүлкі үшін өтемақыларын алып үлгерді. Алдағы уақытта осындай апаттардың алдын алу үшін ауқымды жұмыстар атқарылды.

Құрметті жерлестер!

Әрқайсымыз Жаңа жылдың келуін жақсы үмітпен, тілектеріміздің орындалуымен байланыстырамыз. 2025 жыл тек облысымыз үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан, әрбір отбасы үшін береке мен табыс жылы болсын. Баршаңызға бейбіт аспан тілеймін! Барлық игі бастамалар іске асып, әрбір үйде қуаныш болуына жазсын! Жаңа жыл құтты болсын!