Көкшетау қаласының басты мәселелерінің бірі - облыс орталығын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Бұл туралы Көкшетау қаласының тұрғындарымен есеп беру кездесуінде облыс әкімі Марат Ахметжанов айтты.
«Бұл мәселе бірінші жыл өзекті болып отырған жоқ. Ағымдағы жылы су тазарту құрылыстарын салу жобасы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталу сатысында, сүзгілерді жуу және персоналды оқытумен іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілетін болады. СТҚ 2025 жылдың көктемінде іске қосылады», - деді Марат Ахметжанов.
Кәріз тазарту құрылыстарының тозуы мен жабдықтары ескіруі маңызды мәселе болып табылады. Өңір басшысы қала әкіміне осы мәселенің оңтайлы шешімін табуды, сондай-ақ барлық қала тұрғындарын кезең-кезеңімен сумен қамтамасыз ету жоспарын әзірлеуді тапсырды, өйткені бүгінгі таңда орталықтандырылған сумен жабдықтау халықтың 98,5% - ы үшін қолжетімді.
Сондай-ақ, облыс әкімі Станционный кентінің сапалы сумен жабдықталуын қамтамасыз ету үшін келесі жылы желілерді салу мен реконструкциялауды аяқтауды толық қаржыландыру көзделгенін атап өтті.