Ақмола облысында Қазақстан Республикасының мәслихаттарына 30 жыл толуын атап өтті

Ақмола облысында Қазақстан Республикасының мәслихаттарына 30 жыл толуын атап өтті

Көкшетауда Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекеге Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, ҚР Парламенті Сенатының, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, ардагерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Облыс әкімі өзінің құттықтау сөзінде мәслихаттардың жергілікті өзін-өзі басқару мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан маңызды үлесін атап өтті.

«Халық қалаулылары аймақтың өзекті мәселелерін шешуде елеулі үлес қосып келеді және сайлаушылардың мүдделерін қорғауда. Мәслихаттар мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған міндеттерді тиімді шешуде», – деді Марат Ахметжанов.

Салтанатты жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Талғат Жүнісов, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқыды.

Іс-шара барысында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға, халықтың өмірін жақсартуға және өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге үлес қосқан бірқатар депутаттар «Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл» мерейтойлық медалімен, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен, «Құрметті депутат» төсбелгісімен, сондай-ақ облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Мерекелік іс-шара Ақмола облыстық филармониясы әртістерінің концертімен аяқталды.