Ақмолалық оқушылар робототехникадан Италия еліндегі әлем чемпионатына жолдама алды

Ақмолалық оқушылар робототехникадан Италия еліндегі әлем чемпионатына жолдама алды

2024 жылдың 20-21сәуір аралығында Түркия мемлекетінің Анталия қаласында робототехника бағдарламалау және инновациялық технологиялардың «ROBOTEX TÜRKIYE 2024» халықаралық чемпионаты өтті. Бұл жарыста 9 мемлекет 400-ден астам команданың арасынан топ жарып алға шыққан Ақмола облысы Бурабай ауданының «Redwood» және «Vip kazakh» командалары «Line Following» санаты бойынша жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, Красный Яр ауылының №2 жалпы орта білім беретін мектебінің «Neuron» командасы 3 жүлделі орынға ие болды.

Айта кетейік, жарысқа 3000-нан астам қатысушы бақ сынады, оның ішінде 34 Қазақстандық команда.

Облыс намысын қорғаған екі команда өздерінің инновациялық жобаларын ұсынды. Екі команда да биыл Италияның Рим қаласында өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.

«Robotex» - робототехника саласындағы инновацияларды көтермелеу, жас таланттарды қолдауға бағытталған әлемдегі ең ірі робототехника жарыстарының бірі.

«Халықаралық деңгейдегі жарысқа қатысып, ел намысын қорғап, биік жетістіктеріне жеткендеріне қуанышты және жеңіспен оралуына ұстаздарымызға ризашылығымызды білдіреміз!» – деді бурабайлық балалар.

Бурабай ауданының команда құрамасы: Абылайхан атындағы Қызылағаш ауылының ЖОББМ-нің информатика пәнінің мұғалімі Нуржан Абильжанов және оқушылары Жеңіс Дидар, Қаппас Дидар, Кәдірбай Нұрәлі, Амантай Әуез, Қайрат Мадияр.

Красный Яр ауылының құрама командасында №2 ЖООБМ 10- сынып оқушылары Айтжан Нұржас пен Мырзабеков Рахат, 11 сынып оқушысы Айтжан Ілияс. Жетекшісі - информатика пәнінің мұғалімі Мұхтар Ботагөз.

Естеріңізге сала кетейік, командалар наурыз айында Астана қаласында өткен халықаралық «ROBOTEX» чемпионатына қатысты. 240 команда қатысқан чемпионатта Түркия еліне жолдама ұтып алған.