Өзен суы Көкшетаудағы көпірді басты: су деңгейі бақылауда

Өзен суы Көкшетаудағы көпірді басты: су деңгейі бақылауда

Ақмола облысында ауа райы күрт жылынуы мен қардың еруіне байланысты Қылшақты өзеніндегі су деңгейі көтерілді.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, 28 наурыз күні таңертең су тасқыны № 12 орта мектептің жанындағы автожол көпірінен асқан. Бұл жақын маңдағы бірнеше ғимаратты су басуына әкелді. Қазір тиісті жұмыстар жүргізілуде, өзен деңгейі бақылауға алынды, көпір уақытша жабылды.

Сол жерде су тасқынына қарсы іс-шаралар өткізілуде, оған Ақмола облысы ТЖД жеке құрамының 41 адамы мен 9 мотопомпасы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардан 13 адам, 7 бірлік инженерлік техника қатысуда.

Сондай-ақ, жұмысқа М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының 50 курсанты тартылды.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, Қылшақты өзенінің бойында Әшімов көшесінде көпір бойымен жабатын ұзындығы 40 метр жасанды бөгеттер тұрғызылды, механикаландырылған тәсілмен көпірдің басын мұз бен қоқыстан тазарту жүргізілді. Өзен бойында шамамен 12 мың шаршы метр қамыс кесілді.

Осыған ұқсас жұмыстар облыс орталығының басқа аудандарында да жүргізілуде.

«Негізгі және қосымша су бұру арықтарының бойында су өткізу құрылыстарын қоқыстардан тазалау мезгіл-мезгіл жүргізіледі. «Застанционный» шағын ауданында бөгеттерді нығайту және орнату жүргізіледі. Ол үшін қиыршық тас әкелінді, көше маңындағы су өткізгіш құрылыстарды тазарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, «Сарыарқа», «Бірлік» шағын аудандарында еріген қар суын бұру жүзеге асырылуда», - деп хабарлады қала әкімдігі.