Ақмола облысындағы Бестөбе ауылының қазіргі жағдайы туралы баспасөз хабарламасы

Ақмола облысындағы Бестөбе ауылының қазіргі жағдайы туралы баспасөз хабарламасы

Биылғы жылғы наурыздың 30-ы күні «Қазақалтын» ЖШС-ның алдағы қысқартуларға көңілі толмайтынын білдірген жұмысшылары жұмыстан босату туралы хабарлама беруді тоқтатуды, шахталардан суды сорғызуды, шахтаны іске қосуды, инвесторды ауыстыруды және кәсіпорынды жаңа инвесторға тездетіп беруді талап етіп, жергілікті «Рауан» мәдениет үйіне жиналды.

Жиынға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Е.Рамазанов, Степногорск қаласының әкімі А.Қайыржанов, «Қазақалтын» ЖШС-ның бас директоры Р.Қаракесов және «Алтын қазына» ЖШС әлеуетті инвесторының өкілі Е.Қабылденов қатысты.

«Қазақалтын» ЖШС-ның бас директоры Рүстем Қаракесов қолданыстағы заңнама шеңберінде жұмыскерлерді қысқарту және кәсіпорын жұмысын тоқтату туралы хабарламалар беру, Бестөбе алаңын жаңа инвесторға қайта ресімдеуді жеделдетуге жәрдемдесу туралы бұрын белгілеген ұстанымын айтты.

Өз кезегінде Е.Қабылденов облыс әкімдігі мен Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан әлеуетті инвестордың аудитін жүргізу үшін акционерлік қоғамның құжаттарды жедел ұсынуына жәрдемдескен жағдайда, кәсіпорын үш айдың ішінде кеніштегі жағдайды зерделеп, мәселе оң шешімін тапса, шахталардан су тарту жұмыстарын бастауға дайын екнін жеткізді.

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шархан бүгінгі таңда жер қойнауын пайдаланушыдан жаңа инвесторға ауысуға өтінімдер болмағанын атап өтті. Аталған өтініш түскен жағдайда министрлік мүмкіндігінше тез арада ауыстыру мәселесін қарауға дайын. Бұл жағдайда басқа инвесторға қайта ресімдеу коммерциялық мәміле негізінде екі субъекті арасында жүзеге асырылады.

Степногорск қаласының әкімдігі өз тарапынан «Қазақалтын» ЖШС кәсіпорнының қызметкерлеріне қаланың өнеркәсіптік кәсіпорындарында бос жұмыс орындарын және жұмыспен қамтудың белсенді шараларын, сондай-ақ 6 айға дейін жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді ұсынды.

 

 

Степногорск қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі