Ақмола облысында Наурыз мейрамы тойлануда

Ақмола облысында Наурыз мейрамы тойлануда

Бүгін Көкшетауда Наурыз мейрамы өтуде. Мерекелік іс-шаралар бүкіл облыс бойынша ұйымдастырылған. Көкшетауда "Абылай хан" және "Тәуелсіздік" алаңдарында мерекелер өтуде, деп хабарлайды өңір әкімдігінің баспасөз қызметі.                                               

Өңірдің басты мерекесі жыл мезгілдерін, «Көрісу», «Беташар» ұлттық рәсімдерді бейнелейтін, сонымен қатар «Көкше өңірі сал серілері», «Құт дарған киелі мекен» қойылымдары бар "Ұлы даланың ұлық мерекесі" театрлық көрілімнің 10 эпизодынан басталды. 

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев құттықтау сөзінде ежелден табиғаттың оянуы, оның жаңаруы мен гүлденуі Наурызбен байланысты екенін атап өтті.

"Ғасырлар тарихына қарамастан, Наурыз мейрамы халық жадында сақталып, мемлекетіміздің көптен күткен Тәуелсіздігімен бірге елімізге оралды. Бүгін оны 32-ші рет атап өтіп, біз қайта жанданған Наурыздың тарихы - еліміздің тәуелсіздігінің тарихы деп сенімді түрде айта аламыз", - деп атап өтті өңір басшысы.

Көшпелі өркениет фестивалі аясында алаңның периметрі бойынша тақырыптық «Көне дәуір мәдениеті», «Былғары мен тері», «Құрақ-көрпе», «Күміс әшекейлер», «Ұлттық киімдер», «Ұлттық бұйымдар», «Ұлттық өнер», «Салт-дәстүрлер», «Ұлттық құндылықтар» және кітап - 10 киіз үй қалашығы орналасқан. Фестивальдің идеясы -түркілердің бай мәдениетін, халықтың бай тарихын көрсету, өскелең ұрпаққа салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты дәріптеу, Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру.

Олардың әрқайсысында қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық бұйымдардан жасалған көрмелерді көріп, ұлттық тағамдардан дәм тата алды.

Мереке Қ. Күмісбеков атындағы халық аспаптар оркестрінің, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының, "Көкшетау", "Достар" мәдениет сарайлары ұжымдарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Сонымен қатар, "Тәуелсіздік" алаңында қазақша күрес, тоғызқұмалақ, арқан тарту, қаппен жүгіру және тағы басқа ұлттық ойындары ұйымдастырылған "Батырлар шайқасы" спорттық іс-шарасы өткізілді.

Мерекелік іс-шара аясында қонақтарға наурыз көже, құрт, бауырсақ, сондай-ақ 1000-нан астам қызғалдақ таратылды.

"Жайлау", "Сарыарқа", "Бірлік", "Автогородок" шағын аудандарының тұрғындарына «Наурыз мейрамы – Ұлы даланың ұлағаты» көшпелі концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.