Ақмола облысында 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды

Ақмола облысында 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды

Өңір әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен Ақмола облысы әкімдігінің отырысында Ақмола облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллина осы жылдың 10 айын үш негізгі бағыт бойынша қорытындылады: халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсету, мүгедек адамдарды оңалту және бейімдеу.

Халықты жұмыспен қамту бағыты бойынша биыл өңірде 18 900-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Алғаш рет 8 ұлттық жоба аясында 4735 жаңа жұмыс орны құрылды.

"Жұмысқа орналастырылған 4735 азаматтың ішінде үш мыңға жуық адамның міндетті зейнетақы жарналары бар, бұл елдегі ең үздік көрсеткіш болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес "әрбір 10 мың тұрғынға кемінде 100 жаңа жұмыс орны" индикаторы бойынша бізде жеті мыңнан астам жұмыс орны құрылды", - деп атап өтті ведомство басшысы.

Ш. Рахматуллинаның айтуынша, субсидияланатын жұмыс орындары аясында 3470 ақмолалық қамтылған, олар "қоғамдық жұмыстар", "әлеуметтік жұмыс орындары", "жастар практикасы", "бірінші жұмыс орны", "күміс жас", "ұрпақтар келісімшарты" сияқты мемлекеттік бағдарламалар бойынша жіберілген. Уақытша жұмыстарды аяқтағаннан кейінгі басты мақсат – тұрақты жұмысқа орналасу.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 555 адам қамтылды. Аяқтаған 436 адамның 369-ы жұмысқа орналастырылды. Осы индикатор бойынша аймақ бірінші орында.

Шолпан Рахматуллинаның мәліметінше, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттарды 366 ақмолалық алған және тағы 121 адамға республикалық бюджеттен ақшалай қаражат түскеннен кейін гранттар беру жоспарлануда.

Әлеуметтік көмек көрсету бойынша да үлкен жұмыстар атқарылуда. "2019 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңде облыс бойынша аз қамтылғандар (АӘК алушылар) санының 43,6 мың адамнан 12,5 мыңға дейін төмендеуі байқалады. Сондай - ақ, басқа мемлекеттердің аумағындағы 1070 жауынгерлік іс-қимыл ардагерлеріне біржолғы көмек төленді", - деді Шолпан Рахматуллина.

Облыста дене мүмкіндіктері шектеулі 29 мыңнан астам азамат тұрады. Тірек-қимыл аппараты, көру және есту қабілеті бұзылған алты мыңнан астам адамға кедергісіз қол жетімділікті құру қажет. Олар үшін өңірдің 219 нысаны бейімделген.

10 мыңнан астам ақмолалықтар оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етілген.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі жоспарлы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету бойынша тиісті тапсырмалар берді.