Ақмола облысында жолдарды қысқы күтіп ұстау және өрт қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

Ақмола облысында жолдарды қысқы күтіп ұстау және өрт қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

Облыс әкімдігінде өңір басшысы Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен басқарма, департамент басшылары мен аудандар мен қалалар әкімдерінің қатысуымен отырыс өтті.

Жергілікті атқарушы органдардың, жол қызметтерінің дайындығы туралы және ұйымдардың 2022-2023 жылдардағы қысқы кезеңіне, Ақмола облысындағы өрт қауіпсіздігі жайында ТЖ департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев сөз сөйледі.

Нұрлан Атығаевтың ақпараты бойынша, облыста төтенше жағдайлардың алдын алу және халықты қорғау мақсатында "Қазгидромет" РМК алған дауылды ескертулер тұрақты негізде пысықталуда. 268 жылыту пункті және 213 тамақтану пункті дайындалды. Облыстың автожолдарында 3 трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді.

"Кейбір аудандарда бензин, дизель отыны инертті материалдар қоры бойынша төмен көрсеткіштер байқалады. Осыған байланысты қосымша қорлар құру қажет, бұл қардың салдарымен тиімді күресуге мүмкіндік береді", - деді ТЖД бастығы.

Баяндаманың екінші бөлімінде Нұрлан Атығаев өңірдің өрт қауіпсіздігі жай-күйі туралы айтты.

Ақмола облысының аумағында 2022 жылдың 10 айында 807 өрт тіркелген. Өрттер мен олардың зардаптарын азайту мақсатында Департамент жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп барлық бағыттарда атаулы профилактикалық жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі.

Сондай-ақ техникалық жарақтандыру, оның ішінде өртке қарсы сумен жабдықтау және ауылдық жерлерде өртті сөндіруге еріктілерді белсенді енгізу мәселелері айтылды.

Жол қызметтері мен ұйымдарының 2022-2023 жылдардағы қысқы кезеңге дайындығы туралы отырысқа қатысушыларды жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков таныстырды.

Облыстық маңызы бар автожолдарды қысқы күтіп ұстау үшін басқарма 11 мердігер жол ұйымдарымен шарт жасасты. 132 бірлік қар тазалау техникасы, ЖЖМ және көктайғаққа қарсы материал қоры бар.

Республикалық маңызы бар жолдарды қысқы күтіп ұстау туралы "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ АОФ директоры Қанат Шаймин баяндады.

Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі қыс мезгілінде автомобиль жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тиісті тапсырмалар берді.