Ақмола облысының әкімі Көкшетау қаласы әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаментінің жұмысын сынға алды

Ақмола облысының әкімі Көкшетау қаласы әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаментінің жұмысын сынға алды

Бүгін Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен басқарма басшылары, аппарат басшылары мен әкім аппараты басшыларының қатысуымен өткен жедел кеңесте демалыс күндері облыс орталығы мен Степногорск қаласында жауын-шашынның көп болуы мәселесі қаралды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, Көкшетауда 17 мың текше метрге жуық су сорылған. 112 және 109 (Айкөмек) жедел жәрдем телефондарына қала тұрғындарынан көмекке 500-ден астам қоңырау түсті. Төтенше жағдайлар департаментінің жедел штабына департаменттің және коммуналдық қызметтің күштері мен құралдары 58 адам, 4 бірлік ассенизатор мен 18 мотопомпа жұмылдырылды.

Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайсаның айтуынша, толассыз жауған жаңбырдың салдарын жою үшін жедел штаб құрылды.

Мәлімделген су тасқынына ұшыраған мекен-жайларға тексеру жүргізіліп, зардап шеккен тұрғындарға актілер жасалып, шығарылуда. Бүгін комиссия 100-ге жуық мекенжайды аралап, 50 акті жасалды.

Кеңесті қорытындылай келе аймақ басшысы қала әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаментінің жұмысының сапасыз екенін атап өтті.

«Толассыз жауған жаңбырдың салдары жергілікті атқарушы органдар қызметінің жүйесіз жұмыс істегенін көрсетті. Жоспарлы жұмыстар, алдын алу шаралары дер кезінде жүргізілмеген», - деді Ермек Маржықпаев.

Сонымен қатар, әкім зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырды. Көкшетау қалалық мәслихатының 2020 жылғы 24 желтоқсандағы № С-49/7 «Көкшетау қаласының мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы» шешіміне сәйкес табиғи апаттың, өрттің фактісін растайтын құжат негізінде өмірлік қиын жағдай туындаған сәттен бастап үш ай ішінде табиғи апаттың салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көмек көрсету көзделген.

Еске салайық, 6 сағат ішінде орташа айлық нормадан 70% жауын-шашын жауған.