Тәуелсіздік жетістіктері Ассамблеяның да еңбегі

Тәуелсіздік жетістіктері Ассамблеяның да еңбегі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекелеріне орай, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың төрайымдылығымен Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының кеңейтілген мәжілісі өткізіліп, онда ұлтаралық келісім мен ынтымақтың арқасында еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктеріне оң баға берілді. 

Жиынға қатысқан аудан басшылары, ассамблея мүшелері, этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ел тәуелсіздігінің қалыптасуында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген ерен еңбегі мен сындарлы саясатының арқасында елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі өмірге келгенін және оның тиімділігін әлем қауымдастығы мойындағанын атап өтті.

–Тәуелсіздік біз үшін ел тарихындағы жаңа дәуірдің басталу нышаны. 30 жыл ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен біз халықтың тыныштығы мен бірлігін сақтай отырып, мемлекетіміздің әлеуметтік-экномикалық дамуын қамтамасыз еттік, – деді кеңейтілген отырыста сөз алған Айна Мысырәлімова.

Ассамблея ұлт бірлігін нығайтудың нақты құралына айналды. Барлық азаматты ортақ мемлекеттілік идеясының төңірегіне жұмылдыра алды. Соның айқын көрсеткіші ретінде «Санги-Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Умар Шоназаров  Елбасының Ассамблеяны құруының арқасында өте күрделі проблеманың – этникалық мәселені саясиландырудың алдын алу тетіктері пайда болғанын айтты.

Жиынға қатысқан Целиноград ауданының әкімі Бахытбек Оспанов та ел алдындағы міндеттерді табысты орындау үшін билік пен қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет екенін мәлімдеді.

–Аудан тұрғындарының этносаралық қарым-қатынасы тұрақты қалыпта. Ауылдық жерлерде де этностардың әлеуметтік-экономикалық саясаты мақсатты түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінде ауданымызда 19 қоғамдық келісім кеңесі бар. Оларда 92 адам жұмыс істеп жатыр. Осы мақсатта биыл 3 мәжіліс өтіп, 24 мәселенің түйіні шешілді, – деді ол.

Сонымен қатар, кеңейтілген отырыста өңір жастарының бүгінгі жетістігі, тәуелсіз елде алар орны тілге тиек етілді. Әрі елде жаңадан құрылған «Ассемблея жастары» қоғамдық ұйымының өңірлік филиалы ашылатыны айтылды. Бұл жаңа құрылым өңір жастарының креативті және тиімді ақпараттық жұмыс жүргізуіне игі ықпал етері сөзсіз.

 

 

Айгүл БЕКЕТҚЫЗЫ.