Үлескерлердің мәселелері ескерілетін болады

Үлескерлердің мәселелері ескерілетін болады

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, оларды толғандырып жүрген жайларды мүмкіндігінше ескеріп, көмектесуге тырысты. Бұл ретте, барлық мәселелер қолданыстағы заң аясында шешілетіндігін де ескерген жөн.

Облыс әкіміне өздерінің мұң-мұқтаждарын айтып, жанашыр болуды сұрап келген жандардың бірі – Көкшетау қаласының тұрғыны, отбасы асыраушысынан айырылған жалғызбасты ана Ризагүл Мұқышева. Ол өңір басшысына өзінің тұрмыстық ахуалы туралы тарқатып айтып, көмек сұрауға келген.

Оның айтуынша, 2007 жылы отағасы Марат Мұқышев екі бөлмелі пәтер сатып алуға 47 мың АҚШ долларынан астам сомада ипотекалық несие рәсімдесе керек, бұл орайда, әрине, кепілге сол мүлік қойылған. Жеті жыл бойы олар банк алдында қарыз алушының міндетін жүйелі атқарып отырған. 2014 жылы Ризагүл Мұқышеваның жұбайы 43 жасында кенеттен қайтыс болған екен. Әрине, жалғызбасты ана үшін несиені мерзімінде ай сайын төлеу оңайға соқпаған. 2017 жылы несие ай сайынғы төлем сомасының азаюымен ұзартылып, үш жылдан кейін қайта қаржыландырылды. Алайда, бұл отбасын баспанасыз қалу қаупінен құтқармаса керек.

– Біз Банкке хабарласып, сіздің басыңыздағы мәселені егжей-тегжейлі сұрастырып білдік. Бұл мәселенің шешімі қиын,– деді облыс әкімі Ризагүл Мұқышеваға. – Бірақ, банк қарыздың шамамен 4 миллион теңге мөлшеріндегі қалған сомасын есептен шығару туралы шешім қабылдады, сатып алынатын екі бөлмелі пәтер несие бойынша кепілзаттық қамтамасыз ету құрамынан шығарылды, барлық ауыртпалықтар алынды. Яғни, жылжымайтын мүлік енді сіздің отбасыңызға тиесілі, жақында ғана құқық белгілейтін құжаттар сіздің қолыңызда болады,–деген өңір басшысы осылайша алдына мұң-мұқтажын арқалап келген жанға қуаныш сыйлады.

Одан әрі облыс әкімінің қабылдауына Қосшы қаласындағы «Жайлау city» тұрғын-үй құрылыс кешені үлескерлерінің бастамашыл тобының өтінішімен келді. Сонымен қатар, «Сиреневый сад» тұрғын-үй кешенінің екі секциясында (жоспарланған 11-ден) тұрып жатқан тұрғындардың өтініш-тілектері назарға алынды. Бұдан бұрын Целиноград ауданындағы үлестік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының құрылыс компаниясына алданып қалған екі жүзден астам қатысушы тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау үшін «Жайлау city» тұрғын үй-құрылыс кооперативін құрған болатын.

Пәтерге қол жеткізгендердің жағдайын болашақ пәтерден үмітті жандармен салыстыруға әсте болмас, әрине. Алайда, жаңа қоныстанған отбасылардың айтар базынасы да жоқ емес екен. Аумақты жылумен және абаттандырумен қамтамасыз ету мәселелері, тұрғын үй маңындағы жолдар және автобус жолдарының сапасыз екендігі сөз болды.

Өкінішке орай, бұл нысан жеке құрылыс салушының меншігінде болғаннан кейін, қордаланған олқылықтарды жою үшін мемлекет бұл іске араласа алмайды. Айта кетуіміз керек, тұрғын үй кешенінің аумағын абаттандыруға биыл 70 миллион теңге қарастырылған екен. Жобаға сәйкес, үйлерге іргелес аумақта тротуарлар, жасыл аймақ, балалар алаңдары мен тұрғындардың дем алуы үшін алаңдар, автотұрақтар пайда болады деп жоспарланып отыр. Жол-құрылыс жұмыстарының маусымы аяқталуына орай, ағымдағы жылдың соңына дейін абаттандыру жұмыстары толық орындалмайтыны да анық.

Тұрғындар жылумен қамтамасыз ету жағдайына да алаңдаулы. Бір жарым МВт құрайтын екі қазандықтың жалпы қуаты 3 мың шаршы метр алаңға жетпейді. Қазан айының соңына дейін қосымша 0,5 МВт төрт қазандық орнату жоспарлануда. Мәселе оң шешімін тапса, биылғы қыс мезгілінде «Сиреньевый сад» тұрғындары жаурамай шығатыны анық. Бірақ, жылумен жабдықтау мәселесі әлі түбегейлі шешілген жоқ. Өйткені, ТҚК-де қазандыққа құқық белгілейтін құжаттар жоқ, нысан автожолдың бөлінген жолағында тұр.

Болашақта Целиноград ауданына табиғи газ келетіні белгілі. Оны 2025-2026 жылдары ғана толық пайдалана аламыз, ал, әзірге облыс әкімінің орынбасары Мәлғаждар Тәткеев ұсынған шешім мынадай: блокты-модульді қазандықты орнату керек, ол үшін тұрғын үй құрылыс кешені жер телімін бөлуі тиіс.
«Сиреньевый сад» тұрғын-үй кешенінің тұрғындарын тыңдаған облыс әкімі барлық проблемалар біртіндеп шешілетінін, ең бастысы олардың жеке баспаналары бар екенін атап өтті. 130-дан астам отбасы әлі де пәтермен қамтамасыз етілмеген. Осы мәселені тезірек шешіп, біржақты ету қажет.

Ал, бюджет қаражаты есебінен құрылыс жүргізу мүмкін емес, тұрғын үй құрылыс кешені жеке меншік иелерімен шарт жасасуы тиіс. Үлескерлердің айтуынша, құрылыс салушылар қызығушылық танытуда, бірақ, ықтимал тәуекелдер мен пайданы есептей отырып, жақын жерде коммерциялық құрылыс үшін қосымша жер учаскесін сұрайды. Облыс әкімі Мәлғаждар Тәткеев пен Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасеновке үлескерлерге инвестор-компанияны іздеуге көмектесуді, сондай-ақ, қосымша жер учаскесін бөлудің барлық мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Қабылдау барысында облыс әкімі Ермек Маржықпаев тұрғындардың барлық сауалдарына жан-жақты жауап берді және сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.

 

Ұлмекен ШАМЕНОВА