Жаңа әкімдер тағайындалды, жаңа міндеттер қойылды

Жаңа әкімдер тағайындалды, жаңа міндеттер қойылды

Ақмола облысында аудан басшыларының құрамында жаңа кадрлық өзгерістер болып жатыр. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев өткен бейсенбіде Шортанды, кеше, жұма күні Жақсы аудандарында жұмыс сапарымен болып, Қазақстан Республикасының Президенті Əкімшілігінің келісіміне сәйкес жəне Шортанды мен Жақсы аудандары мəслихаттары депутаттарының бірауызды қолдауы негізінде өз өкімімен Шортанды ауданының әкімі болып тағайындалған Бауыржан Малғаждаровты, Жақсы ауданына Алмагүл Қадралинаны аудандардың активтеріне таныстырды.

Шортанды дамып келеді, алайда тоқмейілсуге болмайды

Бауыржан Бағдатұлы Малғаждаров 1977 жылы туған, бұрынғы Көкшетау облысы Чкалов ауданының тумасы. Үш жоғары білімі бар. Ол 1999 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде инженер-экономист мамандығын меңгерген, 2001 жылы «Фемида» заң институтын, кейін Гуманитарлық-техникалық академиясын «экономика және бизнес магистрі» біліктілігі бойынша аяқтады.

Еңбек жолын 1999 жылы Ақмола облыстық экономика басқармасының жетекші маманы болып бастаған. 1999 жылдың қарашасынан 2005 жылдың ақпанына дейін облыстық экономика, қаржы басқармаларының бас маманы болып жұмыс істеді. 2005 жылғы ақпан-тамыз аралығында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің бюджет саясаты және жоспарлау бөлімінің басшысы, 2005 жылғы тамыздан 2006 жылғы маусымға дейін «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамының бөлшек кредит беру бөлімінің кіші, одан кейін аға кредиттік офицері болып жұмыс істеді. 2006 жылғы маусымнан 2008 жылғы қазанға дейін Б.Малғаждаров облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2008 жылдың қазанынан 2009 жылдың қазанына дейін Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары, 2009 жылдың қазанынан 2012 жылдың желтоқсанына дейін Ақмола облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары, содан кейін бірнеше жыл бойы облыстық экономика және бюджеттік жос-парлау басқармасының басшысы лауазымын атқарды.

Осы уақытқа дейін Жақсы ауданының әкімі қызметін атқарған. Жиында сөз сөйлеген өңір басшысы Б.Малғаждаровтың кандидатурасын қолдағандары үшін аудандық мәслихат депутаттарына алғысын айта келіп, оны сауатты, жауапты және жоғары білікті маман ретінде сипаттады.
– Тұрақты дамып келе жатқан аудандардың бірі – Шортандыда соңғы жылдары халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін көптеген игі істер атқарылды, бірақ бәсеңсуге болмайды. Алдағы уақытта аудан басшысы болып қызмет атқаратын Бауыржан Бағдатұлының тәжірибесі зор, ал депутаттық корпус пен барлық актив тарапынан жан-жақты қолдау қажет болады, – деп атап өтті Ермек Маржықпаев. Сонымен қатар, ол өз сөзінде Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ағымдағы жағдай туралы хабардар етіп, біздің өңір негізгі көрсеткіштер бо-
йынша республикадағы көшбасшылар үштігіне кіретінін атап өтті. Бірақ, көрсеткіштер жақсы болғанына қарамастан, әлі де жұмысты ширату керек екендігін атап өтті. Облыстың өркендеу жолы әр ауданға тікелей байланысты екендігі анық. Жиын барысында Ермек Боранбайұлы ауданның жаңа әкіміне нақты міндеттер жүктеп, өзекті мәселелерге баса назар аударды.
Өсімдік шаруашылығында барлық астаналық аймақ, соның ішінде Шортанды ауданы да жақсы дамып келеді. Дегенмен, өсімдік шаруашылығын әртараптандыру, майлы және жем-шөп дақылдары егістерін кеңейту қажет. Сонымен қатар, ауданда мал шаруашылығын дамыту мәселесіне зор көңіл бөлу керек. Ағымдағы жылы ет және сүт бағытындағы фермаларды құру бойынша жоспар 100 пайыз орындалуы тиіс. Жалпы ауданда ауыл шаруашылығы малдарының саны артқаны байқалды. Облыс әкімі жуырдағы космомониторинг мәліметтеріне де тоқталып өтті. Ауданда он мың гектар пайдаланылмайтын жайылымдық жерлер, сондай-ақ, егістік жерлер анықталды. Жер тиімді пайдаланылуы керек, сондықтан барлық тиімсіз пайдаланылатын учаскелер айналымға тартылғаны абзал.

Ермек Боранбайұлы Шортанды ауданының өнеркәсіптік әлеуеті өте жоғары екендігін атап өтті. Алайда, индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндіктері толық пайдаланылмайды, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылы бір ғана жоба жүзеге асқан, ал бұл Шортанды ауданы үшін өте аз. Сондай-ақ, жаңа әкімге бағаны тұрақтандыру мәселесіне де ерекше назар аудару тапсырылды. Қазір ауданда, статистика мәліметтері бойынша, әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің 14 атауы облыс бойынша орташа көрсеткіштен қымбат. Сумен жабдықтау саласындағы жобаларға да айтарлықтай қаражат бөлінді. Бірақ, қаражатты тиімді пайдаланбағанның салдарынан көптеген нысандардағы жұмыс мерзімі уақытылы жүзеге аспау қауіпі бар. Яғни, осыған байланысты жүздеген ауыл тұрғындары ағымдағы жылдың соңына дейін сапалы сумен қамтамасыз етілмеуі мүмкін. Шортанды ауданында тұрғын үй құрылысының қарқыны жақсы, жыл қорытындысы бойынша да жоспарлар орындалатыны анық. Бірақ, бұл жағдайда жеке тұрғын үй құрылысына қатысты жағдай өте нашар көрінеді. Дайындалған учаскелерде жеке құрылыс жоспарланғандай белсенді жүргізілмейді. Сондай-ақ, ауданның білім беру саласындағы проблемалар: шағын жинақталған мектептер, мектеп ғимараттарынан тыс қазандықтарды шығару мәселесі, сондай-ақ білім беру сапасының төмен көрсеткіші айтылды.
Бауыржан Малғаждаров облыс әкімі мен аудандық мәслихат депутаттарына сенім білдіргендері үшін алғыс айтып, жүктелген міндеттер мен нақтылы тапсырмаларды өз бақылауына алынатынын атап өтті.

Жақсыдағы жақсы істер еселене түссін

Алмагүл Аманжолқызы Қадралина 1978 жылы дүниеге келген, білімі жоғары. 1999 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін агрономия мамандығы бойынша тәмамдаған. 2003 жылы Қарағанды экономикалық университетін юриспруденция мамандығы бойынша бітірген. Қызмет жолын 2000 жылы прокуратура маманы болып бастады, 2004-2008 жылдар аралығында Ақмола облысы жер ресурстары комитеті басқармасының жерлерді пайдалану және қорғау бөлімінде маман болып жұмыс істеді. 2008 жылдың наурыз айынан бастап, бір жыл бойы өңіраралық жер инспекциясында Ақмола, Қарағанды облыстары мен Астана қаласы бойынша заң бөлімінің бас маманы қызметін атқарды, 2009-2011 жылдары аралығында өңіраралық жер инспекциясының Ақмола, Қарағанды облыстары мен Астана қаласы бойынша жерлерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы болды, кейін онда басшының орынбасары болып тағайындалса, одан әрі Ақмола облысында аумақтық жер инспекциясының басшысы қызметін атқарды. Сонымен бірге, оның еңбек жолында табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары, жер қатынастары басқармасында басшының орынбасары секілді қызметтер бар. Осы күнге дейін ол Ақмола облысының жер қатынастары басқармасында басшылық етіп келді.
Аудан активіне жаңа әкімді таныс-тыра отырып, аймақ басшысы Ермек Маржықпаев Алмагүл Қадралинаның бұл жауапты лауазымға тағайындалуы тәжірибе емес екенін атап өтті.

– Облыс бойынша Жақсы ауданында ғана әйел әкім жұмыс істейтін болады, – деді ол. Алмагүл Аманжолқызы тәжірибелі басшы, мен оның ауданды алға тартып, жұмысты дөңгелетіп әкетініне сенімдімін, тек сіздердің тараптарыңыздан қолдау-көмек болу керек.
Аудан активімен өткен жиында облыс әкімі аудан әкімдігі алдында тұрған басым міндеттер мен бағыттарды белгілеп берді. Агроөнеркәсіптік кешенге инвестицияларды тартудың төмендеп кеткенін ескертіп, жыл соңына дейін бұл көрсеткіштерді теңестіру үшін қажетті жұмыс көлемін атқаруды тапсырды.

–Жалпы кез-келген міндеттеме орындалуы керек. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында жақсылықтар биыл мал шаруашылығын дамыту бо-йынша айтарлықтай жетістікке жетуі тиіс. Себебі, мұнда ет бағытында алты ферманы құру жоспарланған болатын.

Облыс әкімі агроөнеркәсіп кешенінің түрлі бағыттарына қайтарымсыз субсидия түрінде мемлекеттен орасан зор қолдау көрсетіліп жатқанын тағы бір мәрте атап өтті. Бұл орайда, егін егу кезеңінде астықты форвардтық сатып алу да мемлекеттік қолдау тәсілдерінің бірі екені айтылды.

– Егін егу науқанына қаржы бөлу арқылы мемлекет диқандарға сенім білдіреді. Бұл сенімді бағалап, үмітті ақтау қажет, форвардтық сатып алу негізінде дер кезінде есеп айырысу қажет. Ауданда кейбір шаруашылықтар бұл жағынан асығатын емес, сондықтан жаңа әкімнің ендігі міндеті
оларды тездету, –деді аймақ басшысы.

Космомониторингтің нәтижелері де айтылды. 200 мың гектардан астам жайылымды тиісті мақсатта пайдаланбай жатқан 76 субъект анықталыпты, 27 шаруашылыққа қарайтын 30 мыңдай егістік алқап тиісті жағдайда игеріліп жатқан жоқ екен.

Өнеркәсіп өндірісінде дәстүрлі түрде аграрлық аудан саналатын Жақсымен облыстың басқа аймақтары бәсекелесе алмайды. Дегенмен, мемлекеттік үдемелі индустриалды даму бағдарламасы қолға алынғалы ауданда небары екі жобаның болуы аздық етеді. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша да мүмкіндіктер толық іске қосылмаған, 16 жоба ғана.

Ермек Боранбайұлы бағаны тұрақтандыру, жол және тұрғын үй құрылысы мәселелеріне тоқталып, жергілікті мектептерде білім беру сапасын арттыру, санақ қарқынын жеделдету қажеттігі туралы айтты.

Актив кеңесінен кейін облыс әкімі Жақсы ауылында іске асырылып жатқан екі құрылыс алаңында болды. Оның бірі – 18 пәтерлі тұрғын үй құрылысы болса, екіншісі – Оқушылар үйінің ескі ғимаратын жөндеу. Бұл екі нысан да аяқталу кестесінен кешігуде. Бұл ретте, өңір басшысы жұмысты уақытында аяқтауды тапсырып, қыстың қыр астында екендігін ескертті және аудандық құрылыс бөліміне мердігерлердің жұмысын жақсартып, болашақта конкурстық процедураларды өткізуде мұқият болуларын тапсырды.