Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың Мұғалім күнімен құттықтауы

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың Мұғалім күнімен құттықтауы

Құрметті білім саласының қызметкерлері!

Сіздерді кәсіби төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Мұғалім – бұл жай ғана мамандық иесі емес, ол – адал, әділетті де бар асыл қасиеттерді бойына жиған жан. Сіздер өздеріңіздің жанқиярлық және қажырлы еңбектеріңізбен, үнемі шығармашылық ізденістеріңізбен мемлекеттің гүлденуіне, қазақстандықтардың жаңа буынын отансүйгіштік пен туған жеріне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге, елеулі үлес қосып келесіздер.
Мемлекет бүгінде білім беру жүйесін дамытуға, педагогтардың мәртебесін арттыруға, оларды оқыту үшін жағдай жасауға көп көңіл бөліп келеді. Биыл ғана облыстың білім саласына бюджеттен 133 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа бүгінгі күні жұмыс істеп тұрған мектептер мен балабақшалар жөнделіп, жаңа білім нысандары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін жатақханалар салынуда. Жыл соңына дейін біз мектепке дейінгі 8 ұйымды ашып, 10-ын кеңейтуді жоспарлап отырмыз.

Қазіргі уақытта 3 жаңа балабақшаның құрылысы жүріп жатыр, тағы 3 балабақшаның құрылысын бастауға қажетті қаражат қарастырылды. 6 жаңа мектеп бой көтеруде, олардың 2-еуі биыл пайдалануға беріледі. Биылғы жылдың өзінде 61 білім беру нысанының күрделі және ағымдағы жөндеуіне қазынадан 4,4 миллиард теңге бөлінді, ал, соңғы бес жылда облыс мектептерінің жартысынан көбі жөндеуден өтті.

Облыс педагогтарының мәртебесі мен кәсіби деңгейін арттыру үшін де елеулі жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы біздің аймақтың 20 мыңнан астам мұғалімі коронавирус пандемиясына байланысты туындаған талаптар мен шектеулерге тез бейімделіп, бұл сыннан сүрінбей өтті.

Қымбатты педагогтар!

Біздің балаларымыздың болашағы, біздің Тәуелсіз Қазақстанның ертеңі нақ сіздердің кәсіби шеберліктеріңізге, зор рухани күштеріңіз бен даналықтарыңызға байланысты.

Сіздерге жауапкершіліктеріңіз бен педагогикалық шеберліктеріңіз, мейірімділіктеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және шығармашылық табыс тілеймін!