Жаңа шіркеу мінәжат етушілерге есігін айқара ашты

Жаңа шіркеу мінәжат етушілерге есігін айқара ашты

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласындағы «Воскресения Христова» кафедральді соборы мен жексенбілік мектептің ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Негізі 2015 жылы қаланып, құрылыс жұмыстары 2016 жылдың сәуірінде басталған шіркеу өз келушілеріне есігін айқара ашты. Қопа көлінің маңында табиғаты көркем жерде орналасқан бұл шіркеуге кем дегенде 1500 адам сыяды. Жексенбілік мектеп жұмыс істейді.     

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында атап өткендей, «біздің бірлігіміз – әралуандықта». Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Сондықтан, барлық азаматтарымыз этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екендігін түсінулері керек. Бұл орайда, біздің облыста рухани құндылықтарымызды сақтап, дәріптеуге барлық жағдайлар жасалуда. Еліміздегі негізгі діндерді ұстанушыларға арналған 82 мешіт,
28 православтық шіркеу, 11 католиктік кастелдар жұмыс істеп тұр. Соңғы жылдары діни нысандар аудандарымызда да бой көтеріп жатыр, – дей келе, өңір басшысы Ермек Боранбайұлы шіркеудің алғаш іргетасы қаланғаннан бері жұртшылықтан оның құрылысына 1 миллиард теңгеден астам қаржы жиналғанын атап өтіп, қайырымды жандарға алғысын білдірді. Шіркеуді салуға «Қазақалтын», «Көкшетау минералды сулары», «Altyntau Kokshetau», «АП «Импекс» секілді ірі компаниялар да ат салысты. Жалпы, собор XIX ғасырдың ортасындағы орыс шіркеулерінің сәулет дәстүрлерін ұстана отырып, жаңа технологиялар мен заманауи сапалы материалдарды қолдану арқылы неоклассицизм стилінде салыныпты. Жоба авторлары Дмитрий Белик, Дина Белик және Александр Долгов.

Собордың ашылу салтанатына қатысқан астаналық және Қазақстандық митрополит Александр Могилев өз кезегінде облыс әкіміне осындай шіркеудің православтықтардың игілігіне берілуіне қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді және дінаралық қарым-қатынастың маңыздылығына назар аударды. Бұдан соң, соборға естелік икона сыйлап, Көкшетау және Ақмола Серапионының эпископы Сергей Колосницинге Грамота тапсырды және облыс әкіміне Александр Невскийдің 800 жылдығына арналған мерейтойлық медалін табыс етті. Облыс әкімі салтанатты шарадан кейін собордың ішін, жексенбілік мектептің кабинеттерін аралап көріп, діни орынның алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

  

Ырысалды Шамшиева,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.