Таңдаулы отбасылар ұлықталды

Таңдаулы отбасылар ұлықталды

 Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев тікелей эфир арқылы өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лау-реаттарын марапаттау рәсіміне қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі құттықтауын жеткізді. Салтанат барысында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев облыстық байқаудың жеңімпазы Хұрмет Нұрсолтанның отбасына 5 миллион теңгенің сертификаты мен арнайы дипломын табыс етті.

2013 жылдан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жыл са-йын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан байқаудың бір ерекшелігі – биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналуында.

– «Мен Қазақстандағы әр шаңырақ берік болып, әрбір әулет бақытты ғұмыр кешкенін қалаймын. Сол үшін отбасы саясатына баса мән беремін. Ұрпақтың бойындағы адамгершілік пен адалдық, еңбекқорлық пен мейірімділік, ұлтжандылық пен отаншылдық сияқты асыл қасиеттердің бәрі, ең алдымен, отбасында қалыптасады. Жыл сайын «Отбасы күніне» орай өткізілетін ұлттық конкурс бұған зор үлес қосуда. Оның, әсіресе, жастар үшін берер тағылымы мен тәлім-тәрбиесі зор» –деп атап көрсетілген Президент құттықтауында.

Биыл конкурсты өткізудің жаңа тәсілдері енгізіліпті. Соған сәйкес енді жыл сайын республика бойынша 17 үздік отбасы анықталатын болады. Биыл өңірлік конкурстық комиссияларға барлығы 2768 өтінім түссе, біздің Ақмола облысында 200-ден астам отбасы байқауға қатысуға өтінім беріпті. Сонымен, республикалық байқаудың Ақмола облысы бойынша жеңімпазы атанған, 1993 жылы алғашқы лекпен ата жұртқа оралған
Целиноград ауданының Ынтымақ ауылының тұрғындары Хұрмет Нұрсолтанның отбасы «Мерейлі отбасы» байқауының арнайы статуэткасымен және 5 миллион теңгенің сертификатымен марапатталды.

Отбасының ұйытқысы Хұрмет ата мен Хамиза әжей 6 бала мен 14 немеренің қамқоршысы. Бар өмірін ұстаздық жолына арнаған Хұрмет атаның ізін балалары жалғап, осы салада еңбек етіп келеді.

Жеңімпаз отбасын марапаттау рәсімінен кейін облыс әкімі облыстық кезеңінің жүлдегерлерін құттықтап, оларға да сый-сыяпат жасады. «Мерейлі отбасы – 2021» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде
1 орынды Жақсы ауданынан қатысқан Айдарбековтер отбасы жеңіп алды. Ұланбек пен Гүлнәр Айдарбековтердің бас қосып, отасқандарына 30 жыл екен. Отбасы мүшелерінің әр салада жеткен жетістіктері өте көп. Ұлдары Айдие жазушы, режиссер-сценарист, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының 2017 жылғы жеңімпазы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Бұл отбасы 500 мың теңгенің сертификатымен және арнайы дипломмен марапатталды. Жүлделі екінші орын мен 350 мың теңгенің сертификаты ақкөлдік Дәулет Бауыржанның отбасына бұйырды.

Шығармашылық бағытта еңбек ететін отбасы 4 баланы дүниеге әкеліп, тәлім-тәрбие беруде. Ұрпағын өнерге баулыған шаңырақтың өрендері бірталай байқаулар мен додалардың жеңімпаздары. Астрахандық Аманат Аркеновтің отбасы 3 орыннан көрініп, 250 мың теңгенің сертификатына қол жеткізді. Аталған отбасы теміржолшылар әулетінен саналады. Отбасының темір жол қызметі саласындағы жалпы еңбек өтілі 108 жылды құрайды.

Сонымен бірге, байқауға белсенді қатысқан Жақсы ауданынан келген көп балалы Мақжановтар отбасы, зеренділік Оспановтардың жас отбасы, бурабайлық Горлуковичтер отбасы арнайы дипломмен және тұрмыстық техника алуға арналған сертификаттармен марапатталды. Салтанатты жиын соңы әнмен көмкеріліп, жиналған қауым ерекше көңіл-күйге бөленді.

 

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.