Әрбір өтініштің артында адам тағдыры тұр

Әрбір өтініштің артында адам тағдыры тұр

«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ермек Маржықпаев партия филиалында жеке мәселелерімен келген азаматтарды қабылдап, әрбір тұрғынның арыз-шағымына көңіл бөліп, мүмкіндігінше шешімін қарастырды.

Баспана, жер-су, коммуналдық инфрақұрылымға қатысты даулы мәселелер заң шеңберінде қаралып, шешілетін болды. Қабылдауға ең алдымен Көкшетау қаласындағы Застанционный кентінің тұрғыны Қосман Елеушев келді. Ол облыстың жер-жеріндегідей Застанционный кентінде де көркейту жұмыстарын жүргізуді өтінді. Әсіресе, «Көкшетау су арнасының» Ынтымақ көшесінде орналасқан өз үйіне канализациялық люк орнатып беру мәселесін алға тартты. Аталған мәселемен қала әкімінен бастап, партия ұйымына дейін жүгінген бұл азаматқа өңір басшысы тиісті мекемелер 2 ай ішінде бұл мәселені шешіп беретіндігін айтып, қала әкімі Бауыржан Ғайсаға қажетті іс-шараларды тез арада жүргізіп, мәселені өз бақылауында ұстауды тапсырды. Ал, 2006 жылдан бері баспана алу кезегінде тұрған Жолдасбек Кәрімов арендалық тұрғын үй алуға көмек қолын созуды өтінді. Бүгінде 107-ші болып кезекте тұрған азаматтың отбасында 5 адам бар. Бюджеттік ұйымдарда жұмыс істегеннен кейін олар 2-санаттағы кезекте екен. Сондықтан, олар қаншама үйлер салынып жатса да, әлі 2-3 жыл көлемінде кезек күтеді, себебі мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тұрғын үйлер ең алдымен, бірінші санаттағы кезек бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен жетім балаларға, көп балалы отбасыларға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне беріледі. Бұл ретте, партияның филиал төрағасы өтініш білдірушілерге кезегін күту керегін жеткізді.
Бұдан әрі қабылдауға келген, көршісімен жер дауын шеше алмай жүрген Көкшетау қаласының тұрғыны Ерлік Істімбеков «бұған дейін мен бармаған мемлекеттік орган қалмады» деп ашынды. Аталмыш жер дауы бойынша сотқа арыз берген 2 топтағы мүгедек сот шешімімен келіспейді. 3 метр жеріне заңсыз үй салып алған азаматқа шара қолдануды сұрады.
–Сіздің шаруаңызды қала әкіміне жеке бақылауына алып, көмектесуін тапсырамын. Жақын арада сізді шақырып, құқықтық қолдау көрсетеді және сіз тұрып жатқан аумаққа тексеріс комиссиясы келеді. Содан барлық жағдай анықталып, әрине, заң шеңберінде мәселе реттеледі, – деді Ермек Маржықпаев.
Гүлжихан Хамзина Аршалы ауданына қарасты Бабатай станциясының тұрғыны. Облыс әкімімен онлайн байланысқа шығып, газ тартылмай қалған 7 тұрғын үйдің мәселесін шешіп беруді өтінді.
–Біздің үйлеріміз жаңа ауданның бас жағында орналасқан. Жоба бойынша тұрғын жайларымыз газдандыруға кірмей қалыпты. Жоба басталғанда үйлеріміз салынбаса да, жер телімінде үй салынатыны анық жазылған, – деді өтініш білдіруші.
Аршалыдағы Арнасай мен Бабатай ауылдарына 287 миллион теңгеге газ тартылған. Әкім көмекке жүгінгендердің өтінішін жауапсыз қалдырмай, аудан әкіміне жобаға түзету енгізуді тапсырып, өтініш оң шешімін тапты.
Қабылдауда онлайн байланысқа шыққан целиноградтық тұрғын Жайнагүл Хадет апатты жағдайда тұрған үйінің мәселесі бойынша өтінім білдірді. Ол 2017 жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында баспана мәселесін шешуге мемлекеттен 3 403 500 теңге несие алыпты, алайда, сол үйі қазіргі уақытта қиын жағдайда екен. Жыл сайын үйін қызыл су шайып кететін көрінеді. Әлі несиесінің өтелмеген 2,6 миллион теңгесі бар. Мемлекеттік органдар көмек көрсету үшін бизнес субъектісін тартып, үйін ретке келтіріп беруді ұсыныпты, алайда, үйді қалпына келтіру үшін шенеуніктердің ұсынып отырған 3 миллион теңгесіне ол келіспеуде. Сондықтан, өңір басшысы оған ешбір негізсіз артық ақша бере алмайтындығын айтып, сотқа арыздануға кеңес берді. Содан кейін сот қандай шешім қабылдаса, бюджеттен тек сол қаржы ғана бөлінетіндігін жеткізді. Негізсіз бюджет қаражатын шашуға болмайтындығын түсіндірді. Осылайша партия филиалының төрағасы қабылдауға қатысқан басқарма басшылары мен орынбасарларына әрбір тұрғынның арыз-шағымының артында адам тағдыры тұрғанын айтып, жекелей тапсырма берді. Кейбір мәселелер бойынша тексеріс комиссияларын құрып, бірінші орынбасары Мәлғаждар Таткеевке барлық жағдайды бақылауында ұстауды тапсырды.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі