ТМД елдеріндегі ең ірі «Джон Дир» дилерлік орталығы ашылды

ТМД елдеріндегі ең ірі «Джон Дир» дилерлік орталығы ашылды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев «Eurasia Group Kazakhstan» cеріктестігінің ауыл шаруашылығы техникасын сататын және қызмет көрсететін дилерлік орталығының ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров пен Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі, доктор Тило Клиннер қатысты.

–«Eurasia Group AG» ТМД елдеріндегі ең үлкен ауыл шаруашылығы техникасын сататын және қызмет көрсететін дилерлік орталықтың құрылысына инвестиция салып, Көкшетау қаласында «Джон Дир» дилер орталығын ашты. Бұл Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы көптен күткен оқиға болды.Тәуелсіздіктің 30 жылдығында осы шараны ұйымдастырған компанияға алғысымды білдіремін. Өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласында «Джон Дир» маркалы техникасы кеңінен пайдаланылады. Мемлекет басшысы ел халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту қажеттігін айтты. Бұл бағытта білікті мамандар мен қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы техникасы қажет. Бұл олқылықты аталмыш компания толтырады деп ойлаймын. «Eurasia Group AG» швейцар компаниясының қазіргі заманғы аутлеті 2002 жылдан бері Қазақстан Республикасында John Deere ұлттық дилеріне жатады. Біздің өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласында «Джон Дир» компаниясының 450 тракторы, 700 комбайны, 400 егіс кешені пайдаланылады, – деген облыс әкімі өңіріміздегі өзге де ауыл шаруашылығы техникасы мен жүк автокөліктерін жасап шығаратын кәсіпорындар және еліміз бен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы экономикалық қарым-қатынас жөнінде атап өтті.
Бұдан кейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров өз құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін және өңделген өнім экспортының көлемін арттыру міндетін қойғанын айтты.
–Жоғары көрсеткішке жету үшін ауыл шаруашылығы саласын өнімділігі жоғары қазіргі заманғы техникалармен қамтамасыз ету керек.
Компания қазақстандық фермерлерге 12 мың ауыл шаруашылығы техникасын сатты. 15 миллионнан астам доллардың 14 өңірлік өкілдігін, 14 қоймасын ашып, 400 жұмыс орнын құрды. Экономика саласының тікелей инвестициясы 65 миллион доллардан асады. Бүгінгі күні республикадағы егіс алқабының 20 пайызы «Джон Дир» техникасымен себіледі, 25 пайызы осы техникамен жиналады.
Ауыл шаруашылығы құрылымдары шетелдік техниканы сатып алу барысында мемлекет тарапынан субсидия, жеңілдетілген несие тәрізді жан-жақты қолдау көрсетілуде. «Джон Дир» компаниясы уақытында қосалқы бөлшектер тасымалдап, жақсы сервистік қызмет көрсетеді деп ойлаймын. Жаңа дилерлік орталық тұтынушыларға қызмет көрсету деңгейін жақсартып, инновацияның алға жылжуына, еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлкен үлес қосады, – деді бірінші вице-министр. Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, доктор Тило Клиннер өз құттықтау сөзінде Қазақстан жерінің асты мен үсті байлыққа толы екенін, оны ел мүддесі үшін игеру қажеттігін айтты.
«Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамының астаналық өңірлік филиалының директоры Жанар Рахимова, «Eurasia Group Kazakhstan» cеріктестігінің бас директоры Сергей Глокия сөз сөйлеп, өздерін қолдаған басшыларға алғысын айтты.
«Евразия Групп Казахстан» серіктестігі Қазақстан аумағындағы Eurasia Group AG өкілі. Бас кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласында, бас дилерлік орталығы Көкшетау қаласында орналасқан. Мұнда 400 адам жұмыс істеп, ауыл шаруашылығы техникасын сатады және қызмет көрсетеді. Кәсіпорынның көк лентасы қиылғаннан кейін өңір басшысы бастаған делегация орталықтың жұмысымен жақынырақ танысты. Дилер орталығы орналасатын учаске алаңы 10 гектарды, ғимараттың алаңы 13 мың шаршы метрді құрайды. Шара соңында кәсіпорын меймандары дөңгелекті «Джон Дир» тракторларының жұмысын іс жүзінде көріп, компанияның тұсаукесеріне қатысты.

 


Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі