Ақмола облысының əкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Бурабай жəне Біржан сал аудандарында болып, ондағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептер мен жаңадан ашылған туристік нысандардың қазіргі жағдайын көрді. Жөкей көлінің маңында табиғат аясында ұйымдастырылған глэмпингтерді аралау кезінде кəсіпкерлердің жұмысына оң баға берді.
Өңір басшысы Ермек Маржықпаев жұмыс сапарын Бурабай ауданының Қатаркөл ауылындағы Досов атындағы жалпы білім беретін мектептен бастады. Қазір мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған білім мекемесі 1971 жылы бой көтеріпті. Содан бері тек ағымдағы жөндеулерді көріп келе жатқан нысан биыл ғана «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өтуде. 640 орынға шақталған білім ордасында бүгінде небары 340 оқушы білім алуда.
Жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың 20 тамызына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бұл орайда, Ермек Боранбайұлы жұмыстың сапалы жүргізіліп, уақытында тапсырылуын қадағалауды облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов пен аудан əкіміне тапсырды. Сонымен қатар, облыс əкімі ауданға сапары кезінде аймақтың ауыл шаруашылығы, құрылыс салалары, оның ішінде мал азығын дайындау, жолдардың жөнделуі, дала өртін алдын алу бойынша мəселелерді сұрап білді. Осы ретте, Қатаркөл-Бурабай аралығындағы жолдарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кеңінен айтылып, құрылыс материалдарының да қымбаттап бара жатқандығы сөз болды. Жалпы, аудандағы ауылдық жолдарды ретке келтіруге 4,1 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Осы қаржыға Зеленобор, Златополье, Кенесары, Қатаркөл селолық округтерінің жолдары жөнделуде. Щучинск қаласы бойынша да 12 шақырым жол жөндеуден өткізілуде.
Біржан сал ауданына ат басын бұрған аймақ басшысы Жөкей көлінің маңында қолға алынып жатқан «Жұлдызды орман» жəне «Орбита-Жөкей» глэмпингтерінің аумағын тамашалады. Алғашқы глэмпинг кешенінде 11 шағын тентхаустар бой көтеріпті.
– Жоба құны 60 миллион теңгені құрайды. Оның 48 миллион теңгесі өзіміздің қаржымыз, 12 миллион теңгесін облыстық ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры бөлді, – деді кешен жетекшісі Қанат Төкесбай. Жоба ағымдағы жылдың сəуір-мамыр айларында жүзеге асырыла бастапты. Əр тентхауста 4-5 адам демала алады. Сондай-ақ, кешен маңында барбекю, бассейн, от жағу алаңы, жазғы дəмхана бар. Мұнда 12 адам жұмыспен қамтылған, олардың орташа еңбекақысы 90 мың теңге шамасында. Табиғат аясындағы осындай демалыс орындарының бірі – «Орбита-Жөкей» глэмпингі. Жоба құны – 40 миллион теңге. Бұл демалыс аймағында 7 шағын модульді шатырлар орнатылыпты. Олар да 2-4 адамнан қабылдай алады. Глэмпинг жетекшісі Дамир Байбосыновтың айтуынша, кешен əлі ашылмаған, жуық арада алғашқы қонақтарын қабылдайтын болады. Кешенде гриль аумағы, бассейн, от жағу алаңы, əткеншектер, көлік қоятын орындар əзірленбекші. Сонымен қатар, алдағы уақытта жоба жетекшісі Бөлектау маңында қарау алаңын, велосипедпен жүруге арналған жолдар мен кинокештер ұйымдастыратын орындар ашуды да жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта мұнда 4 адам жұмыс істейді.
– Сіздерде қызмет көрсету жағы жақсы қарастырылған екен, мұндай демалыс орындарында адамдарға аса қажеттісі – əжетхана, жуыну бөлмелері. Бұл жағы сіздерде жақсы жолға қойылыпты. Қыс мезгілінде жұмыс істейтін болсаңыздар, шаңғы жолдарын да ашуға мүмкіндіктеріңіз бар екен, – дей келе, аймақ басшысы кəсіпкердің жұмысына риза болып, сəттілік тіледі.
Глэмпинг жетекшісі өз кезегінде бұл аумақтарды жақсы байланыспен қамтуды өтінді. Бұл мəселе жақын арада шешімін табады деп сендірді облыс əкімі.
Ауданда қолға алынған маңызды жобалардың бірі – «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан үш қабатты 21 пəтерлі арендалық тұрғын үй. Бүгінде аудан орталығы – Степнякта 350-ге жуық адам баспана кезегінде тұр. Салынып жатқан тұрғын үйдің аумағы 1940,4 шаршы метрді құрайды, оған бюджеттен 197,8 миллион теңге қаржы қарастырылған.
Мердігер – «Оңтүстік құрылыс компаниясы» серіктестігі директорының айтуынша, нысан тамыз айының басында аяқталып, тапсырылады. Аймақ басшысы сапаға назар аудартып, Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай ашып, аудан тұрғындарын қуантуға мүмкіндік туғызу қажеттігін тапсырды.
Бұдан əрі Ермек Маржықпаев аудан орталығындағы Абылайхан ықшам ауданындағы абаттандыру жұмыстарымен танысып, тұрғындардың игілігі үшін салынып нысандардың сапалы əрі қауіпсіз болуын талап етті. Көркейтіп, абаттандыру, аулаларды қалпына келтіру жұмыстарына облыс қазынасынан 69 миллион теңге бағытталыпты.
Степняк қаласындағы Абай атындағы орта мектепке де биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алайда, жұмыс өте кеш басталған екен. Оны мердігер тендердің кеш ойнатылуымен байланыстырды. Десе де, облыс басшысы оқушылар мектепке келгенге дейін нысанды пайдалануға беруді тапсырды.
Біржан сал ауданында биыл туристік сала жақсы жолға қойылып отыр. Алдағы жылдары оның дамып, курорттық аймақтардың қатарына қосылуына зор мүмкіндігі бары да осы сапарда кеңінен айтылды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі