Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың Жеңіс күнімен құттықтауы

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың Жеңіс күнімен құттықтауы

Қымбатты соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлері!
Құрметті ақмолалықтар!

Сіздерді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 76 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Біздің бәріміз үшін 9 мамыр ерекше күн. Ол – мақтаныш және даңқ мерекесі, ерлік пен батылдық символы. Әкесі немесе атасы Отан үшін шайқасқан немесе қаза тапқан әрбір қазақстандық отбасы үшін Жеңіс күнінің маңызы өте-мөте зор. Біз әрдайым Ұлы Отан соғысының майдандарында өз өмірін елі үшін құрбан еткен, тылда жанқиярлықпен еңбек еткен отандастарымыздың баршасын ерекше құрмет тұтамыз және естен шығармаймыз.
1945 жылдың көктеміндегі ұлы Жеңіс халықтың бірлігімен және Отанын шексіз сүюмен келді.
Өз еліне деген адалдық, өскен ортасына шексіз берілгендік және ауызбірлік Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде біздің Қазақстан Республикасының көпұлтты халқының да басты құндылығы болып қалуда.
Бұл күні біз қан майданнан оралмаған боздақтардың жарқын бейнесі алдында басымызды иеміз, біздің жеріміздің азаттығы мен тәуелсіздігі үшін шыбын жандарын аянбаған соғыс ардагерлерін, тылда Жеңісті жақындатқан адамдардың бәрін құрмет тұтамыз.
Сіздердің ер жүректіктеріңіз, Отанға деген сүйіспеншіліктеріңіз, өмірлік мұраттарыңыз және белсенді азаматтық көзқарастарыңыз, баға жеткізгісіз тәжірибелеріңіз және өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіне қосқан үлестеріңіз үшін мың мәрте алғысымызды білдіреміз.
Осы бір даңқты күні баршаңызға зор денсаулық, отбасы амандығын, ұзақ ғұмыр тілеймін. Сіздердің шаңырақтарыңызда әрдайым түсіністік, молшылық пен ынтымақ-береке көрініс тапсын. Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының аспаны әрқашан ашық болсын!