Облыс әкімі Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

Облыс әкімі Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Жас ұлан» республикалық балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына салтанатты қабылдау өтті. Өңір басшысы көкшетаулық он оқушыны құттықтап, әрқайсысына галстук байлады.

«Біз сендерді «Жас ұлан» қатарына мерекелік екі атаулы күні – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен «Жас ұлан» қозғалысының 10 жылдығы қарсаңында қабылдағанымыздың өзіндік мәні бар. 

«Жас ұлан» болу – бұл ынтамен оқу, білімқұмар және еңбекқор болу, ең бастысы – өз Отаныңның патриоты болу дегенді білдіреді! Сендер еліміздің лайықты азаматтары болатындарыңа сенімдімін!» - деді Е.Маржықпаев.

Одан әрі «Көкшетау» МҮ әскери қызметші әйелдермен және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен дөңгелек үстел басында салтанатты кездесу өтіп, оларды облыс әкімі құттықтады.

«Тәуелсіздіктің отыз жылында Қазақстанның Қарулы күштері мен құқық қорғау жүйесін дамыту бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Халқымыздың ортақ тарихынан біз Отан қорғау ісіне ерлермен қатар нәзік жанды жандардың да араласқанын білеміз. Бүгінгі таңда, нәзік жандылар әскери қызметшілердің жалпы санының 13% астамын құрайды.

Әскери қызметшілердің коронавирустық пандемиямен күреске белсенді қатысуы ерекше құрметке лайық. Сіздер елге адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп отырсыздар» - деп атап өтті өңір басшысы.

Өз кезегінде дөңгелек үстелге қатысушылар Ермек Маржықпаевқа алғыс білдірді.

Одан кейін салтанатты қабылдау өтті, онда өңір басшысы Ақмола облысының айрықша ведомстволарының қызметкерлерін ведомстволық наградалармен және алғыс хаттармен марапаттады.

«Бүгін біз ел игілігі үшін қызмет ететіндердің барлығына: интернационалист жауынгерлерге және жергілікті жанжалдардағы жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушыларға, әскери қызметшілерге, құтқарушыларға, полицейлерге және қоғамдық тәртіпті, адамдардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау жөніндегі миссияны өз мойнына алып, заң қорғауындағы адамдарға құрмет көрсетеміз және алғыс айтамыз.

Осы ерлік пен табандылық мерекесінде баршаңызға Отанымыз – Қазақстан Республикасының гүлденуі жолында табыс, амандық және игілікті істер тілеймін!» - деді Е.Маржықпаев.

Іс-шара 5510 әскери бөлімінде болып, онда облыс әкімі тәжік-ауған шекарасында қаза тапқандарға арналған ескерткіштің жанына гүл шоқтарын қойып, әскери құрал-жабдықтармен және әскери қызметшілердің тұрмыстық жағдайларымен танысты.

Өңір басшысы құттықтау сөз сөйлеп, ерекше көзге түскен 15 әскери қызметшіге алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті.