Еске алу күні қарсаңында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Чернобыль АЭС-індегі апатты жоюға қатысқан ардагерлермен кездесті.
«Өзінің өмірі мен денсаулығына төнген қауіпке қарамастан, апатты жоюға қатысқан қаһарман жандар болмағанда, сол күні қаза болғандар саны айтарлықтай көп болар еді. Радиациялық апатпен күресіп, кейінгі ұрпақты апаттың жаһандық зардаптарынан қорғаған адамдардың ерліктерін есте сақтау әрқайсымыздың парызымыз. Бүгінде еліміздің өркендеуіне ерекше үлес қосып жүрген, қоғамдық қызметпен айналысатын және жастарды тәрбиелеуге атсалысып жүрген Чернобыль ардагерлеріне тағзым етеміз», - деп атап өтті өңір басшысы.
Ақмола облысы Чернобыль ардагерлер одағының атынан төрағасы Марат Жетеров пен Анатолий Фортуна алғыс білдірді.
Кездесу барысында, сондай-ақ Чернобыль апаты құрбандарына арналған ескерткіштің аумағын абаттандыру, ардагерлерге арналған емханада тіс протездеу бөлімшесін құру және Чернобыль одағы үшін құрал-жабдықтары бар кеңсе бөлу мүмкіндігін қарастыру мәселелері талқыланды.
35 жылдық мерейтой аясында, Чернобыль апатының салдарын жою кезінде көрсеткен ерлігі мен азаматтық борышын адал атқарғаны үшін, Чернобыль ардагерлері одағының төрағасы Марат Жетеров, Шалқарбек Баудинов, Анатолий Фортуна, Қайдар Сәдуақасов, Александр Рейн, Сергей Телицин, Жақсылық Жанғабылов, Қайрат Сәдуақасов, Александр Кулибаб, Марат Жетеров «Чернобыль АЭС апатқа 35 жыл» медалімен наградталды.