Тұрақты даму – басты міндет

Тұрақты даму – басты міндет

Облыс əкімі Маржықпаевтың төрағалығымен өткен əкімдік мəжілісінде облыстың əлеуметтік-экономикалық дамуының 2021 жылдың бірінші тоқсандағы қорытындылары жəне бюджеттің орындалу барысы қаралды.

Ақмола облысы республика бойынша ауыл шаруашылығы, инфляция, құрылыс жəне өндірістік көрсеткіштер бойынша 1-ден 8-ге дейінгі орындарда тұр.

Өнеркəсіп өнімдерінің көлемі 109 пайыз, ауыл шаруашылығы, құрылыс саласындағы көрсеткіштер 115 пайыз деңгейіне жетті.

Биыл Индустрияландыру картасы шеңберінде 2,4 миллиард теңгенің 4 жобасы іске асырылуда. Бұл жобалар ағымдағы жылдың соңғы тоқсанында іске қосылса, 74 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Ауыл шаруашылығы саласындағы жеке көлем индексі 114,2 пайызды құрап, республика бойынша бірінші орынға қол жеткізілді.

Биыл жыл аяғына дейін 92 ет жəне 17 тауарлы-сүт фермалары іске қосылады деп жоспарланып отыр. 5,1 мың етті жəне 3,9 мың сүтті қара мал сатып алу көзделген.

Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 610 бас ірі қара мал өсірілетін 12 етті жəне 381 сауын сиыр өсірілетін 3 тауарлы-сүт фермалары іске қосылды.

Əкімдік мəжілісіне аудан, қала əкімдері мен басқарма басшылары, облыс əкімі аппаратының қызметкерлері жəне бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Өңір басшысы отырысты жаңадан тағайындалған аудан əкімдері мен басқарма басшыларын таныстырудан бастап, қызметтеріне сəттілік тіледі.

Күн тəртібіндегі алғашқы мəселе бойынша облыстық экономика жəне бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев сөз алды.

Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша облыстың əлеуметтік-экономикалық дамуының барлық негізгі көрсеткіштері оң нəтижелермен өсіп жатқаны байқалады. Облыс республика бойынша ауыл шаруашылығы, инфляция, құрылыс жəне өндірістік көрсеткіштер бойынша 1-ден 8-ге дейінгі орындарды бағындырса, негізгі капиталға инвестиция тартуда – 11-ші, тұрғын үйлерді пайдалануға беруде –15-ші орындарда, ал, орташа айлық есептік көрсеткіш бойынша 12 орында келеді. Өнеркəсіп өнімдерінің көлемі 109 пайыз, ауыл шаруашылығы, құрылыс саласындағы көрсеткіштер 115 пайызға дейін жеткен. Алайда, сауда көрсеткіштері төмендеп, бұл былтырғы жылдың наурыз айында келген коронавирус жұқпасымен тікелей байланысты екендігі түсіндірілгенде, аймақ басшысы қазіргі уақытта кəсіпкерлердің жұмысына жағдай жасалып жатқанын ескертті. Сондай-ақ, өнеркəсіп өндірісінің көлемі кейбір аудандарда күрт төмендеп кеткен. Бұл жағынан өңір басшысы аудан əкімдерін сынға алып, жұмысты ширатуды тапсырды.

Биыл Индустрияландыру картасы шеңберінде 2,4 миллиард теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылуда, олар ағымдағы жылдың соңғы тоқсанында іске қосылса, 74 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл ретте кəсіпкерлік жəне өнеркəсіп басқармасы мен барлық аудан əкімдеріне кəсіпорындардың басшыларымен бірлесе жұмыс істеп, көрсеткіштері төмен салалардың жұмыстарын жандандыру жəне бағдарламалық жобаларды уақытында тапсыру ескертілді. Ауыл шаруашылығы саласындағы жеке көлем индексі 114,2 пайызды құрап, республика бойынша бірінші орынға қол жеткізілді. Биыл жыл аяғына дейін 92 ет жəне 17 тауарлы-сүт фермалары іске қосылады деп жоспарланған. Бұл үшін 5,1 мың бас етті жəне 3,9 мың бас сүтті қара мал сатып алу көзделген. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 610 бас ірі қара өсірілетін 12 етті жəне 381 сиыр өсірілетін 3 тауарлы-сүт фермалары іске қосылған. Сонымен бірге, биылғы жылдың алғашқы үш айында өңдеуші кəсіпорындар өнімдері өткен жылғы салыстырмалы кезеңнен 18,7 пайызға артқан. Ал, азық-түлік белдеуін дамыту үшін биыл 42 жоба іске асырылып, оған 952,8 миллион теңге қарастырылмақшы. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 70 мың тонна көлемінде кепілдендірілген дизель отыны бөлініпті. Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы да 100 пайызды қамтиды.

2021 жылдың алғашқы үш айында инфляция деңгейі облыста 101,9 пайызды құраған. Жыл басынан бері сəбіз, картоп, нан, ұн, күнбағыс майы, сиыр еті, жұмыртқа, макарон өнімдері мен қырыққабаттың бағасы өскен. Аршалы, Ақкөл, Атбасар, Ерейментау, Зеренді аудандары мен Көкшетау қаласында бірінші қажеттіліктегі 19 түрлі тауардың 13-і қымбаттаған. Сиыр еті бағасының өсу себебін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері олардың жемшөбінің қымбаттауымен байланыстырады. Бағаны қалыпты ұстап тұруға бағытталған «Көкше» ауыл шаруашылығы өнімдері кешенінің қорына 2021 жылы облыс бюджетінен 431 миллион теңге қаржы қарастырылыпты. Қазіргі уақытта 2343 тонна тауар айналымға шығарылған.

Баяндама барысында білім беру, денсаулық сақтау салалары бойынша да бірқатар мəселелер қозғалды. Биыл білім беру нысандарына ағымдағы жəне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қазынадан 3 миллиард теңге бөлініп, бұл қаржыға 42 мектеп, 6 колледж, 3 балабақша, 6 қосымша білім беру мекемесі, 1 педагогикалық түзету кабинеті жөндеуден өткізіледі. Осы мақсатта əзірше 10 нысан бойынша конкурс жарияланыпты. Денсаулық саласында есептік кезеңде туберкулез ауруы 1,8 есеге төмендесе, қан қысымы жүйесінің ауруларына шалдыққандар 43,4 пайызға артқан, соның салдарынан өлім-жітім 5 пайызға көбейген. Биыл медицина қызметкерлері үшін облыс орталығы мен Зеренді ауданында екі 40-пəтерлі, Щучинск қаласында 60 пəтерлі, Атбасар қаласында 25 пəтерлі тұрғын үй салынып, пайдалануға берілмекші. Ағымдағы жылдың 1 сəуіріндегі мəліметтерге сүйенсек, облыста əлі де 290 дəрігер қолы жетіспейді, олардың 99-ы ауылдық елді мекендерге қажет.

Бұдан əрі мəжілісте қаржы басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Белаяның облыс бюджетінің бірінші тоқсандағы орындалу барысы туралы есебі тыңдалды.

- Облыстың даму көрсеткіштеріндегі кейбір кішігірім кемшіліктерді есепке алмағанда, оң қарқынмен дамығанын көріп отырмыз. Былтырғы жылдан бері əлеуметтік-экономикалық салалардың дамуына коронавирус індеті де əсерін тигізбей қоймады, дегенмен, нəтиже жаман емес, – дей келе, аймақ басшысы Ермек Боранбайұлы көрсеткіштері орындалмаған аудан басшылары мен басқарма басшыларына міндеттер жүктеп, жыл соңына дейін жағдайды түзейтіндіктеріне сенім білдірді.

Сонымен бірге, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев пен ол басқарып отырған ұжым қызметкерлеріне Аршалы ауданын тасқын су қатерінен аман алып қалу барысында кірпік ілмей, тəулік бойы атқарған жұмыстарына ризашылығын білдіріп, көктемгі дала жұмыстары кезінде де өрт қауіпсіздігін сақтау жұмысын бақылауға алуды тапсырды. Бұдан əрі облыстың бас санитарлық дəрігері Айнагүл Мусинадан өңірдегі вакцинациялау жағдайын сұрап білді. Күні кеше облысқа тағы да 2700 доза вакцина жеткізіліпті. Қазіргі таңда облыста 546 адам коронавирустан ем қабылдап жатыр. Осыдан бір апта бұрын бұл мекемелерде 300-ден астам адам емделіп жатқанын ескерсек, өкінішке орай, эпидемиологиялық ахуалдың өршіп тұрғаны байқалады.

 

 

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.